Астаналықтар шыңылтыр аязда аялдамада автобус күткен тұрғындарды көліктерімен жеткізіп тастап жатыр. Маңайына бей-жай қарамайтын елордалық көлік иелері жақсылық жасаумен бірге осы үрдіске өзге адамдарды да атсалысуға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Евгений Александрович есімді фейсбук желісіндегі қолданушы қала шетінде тұратынын жазады.
«Маңайымызда жақсы адамдар баршылық. Өзім қала шетінде тұрғандықтан, мұндай аязда үйге жету оңайға түспейді. Бүгін автобус күтіп, аялдамада жалғыз тұрған едім. Әдетте, автобустар жиі келе бермейтін шақ еді. Осы кезде бір көлік жақындап келіп, «отыр, апарып тастаймын» деді. Ал қолымда қолма-қол ақша жоқ-тын - бәрі карточкада еді. Тоқтаған көлік иесіне: «Жарайды, автобуспен жетіп алармын» дедім. Осы кезде адамдар жиі айта бермейтін «Тегін апарып тастаймын. Әйтпесе тоңып қаларсың» деген сөзді естідім. Ақыры, осылайша, үйге жетіп алдық. Жолда ол тағы да үш адамды отырғызып алды. Тіпті өз үйінен алыс болса да, отырғызған адамдардың бәрін де үйіне жеткізіп тастады», - деп жазады астаналық тұрғын.
Евгений Александровичтің жазуынша, елордада бағаны көтермей, тіпті үйге тегін апарып тастайтын көлік иелері баршылық.
«Көлік иелеріне өтінішім: аязды күні тоңып қалғандарды жеткізіп тастасаңыздар екен. Өзімді айтып тұрғаным жоқ. Ең алдымен, әйелдер мен балаларды, қарттарды отырғызып алсаңыздар, жақсылықтарыңыз ұмытылмас», - дейді ол.
Ал Жомарт Әмірханов есімді тағы бір жігіт «Астана - Что? Где? Когда?» фейсбук тобында түнде көлігінің оталмай қалғанын жазады.
«Көршілерім көмектесті. Осы жақсылық үрдісін жалғастырып, аязды күндері біреуге көмектесуді жалғастырсақ дейміз. Көлікті жылытып бере аламын. Осы жазбаның астына мекенжай мен телефонды қалдырыңыз. Мен сол жағалаудамын. Осы топтағы адамдардың бәрін де бір-біріне көмектесуге, апарып тастауға, көлікті жылытып беруге, дүкенде шай ысытып беруге, көлікті итерісіп жіберуге шақырамын. Жақсылықтарды көбейте берейік», - деп жазады Жомарт Әмірханов.
Жақсылық жасау үрдісіне шақырған азаматтар фейсбукте өз жазбаларын #ДелайДобро #ЖақсылықЖаса хэштектерімен таратуда. Жақсылықты өзінен бастаған азаматтар өзге де астаналықтар осы бастамаға атсалысар деп сенім білдіреді.