Алматыда Ыбырайым Аманғалиев тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды

13.05.2019 22:18

Ол – бар ғұмырын дипломатиялық салаға сарп еткен жан

Алматыда мемлекет қайраткері, бір кездері еліміздің Төтенше және Өкілетті елшісі болған марқұм  Ыбырайым Аманғалиев тұрған үйге  мемориалдық тақта орнатылды, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ыбырайым Әжейұлы  – бар ғұмырын дипломатиялық салаға сарп еткен жан. Ол  әр жылдары КСРО-ның Индонезия, Иран, Алжир сынды мемлекеттердегі елшіліктерінде жауапты қызметтер атқарған. Ал еліміз тәуелсіздік алған соң ҚР Әзірбайжандағы Төтенше және Өкілетті елшісі, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі қызметтерін атқарған.

«Ол уақытта елшілер Жоғарғы кеңестің бекітуінен өтетін. Бұл кісі Жоғарғы кеңеске барғанда депутаттардың сұрағына толық, баянды жауап беріп, бәрінің көңілінен шығатын. Сондықтан олар Ыбырайым Әжейұлына ең жоғарғы дәреже берейік деген шешімге келген», – дейді ҚР СІМ Ерекше тапсымалар бойынша Елшісі Вячеслав ГИЗАТОВ.  

Ыбырайым Аманғалиев ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар бойынша Елшісі болған тұста Каспий теңізіндегі шекаралық жұмыстардың оң шешім табуына мол үлес қосқан. Сол және тағы басқа қыруар еңбектері үшін екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған Ыбырайым Әжейұлы тірі болғанда биыл 84 жасқа толар еді.