Алматыда карантин кезінде көпбалалы кәсіпкер аналар мұқтаж жандарға қолдан тігілген тегін медициналық бетперде таратуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елде төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап жұмыссыз қалған 76 мың алматылық «Бақытты отбасы» орталықтарының көмегіне жүгініп, қайырымдылық шараларына барынша ат салысуда.
Елдегі төтенше жағдай уақытында «Бақытты отбасы» орталығының қызметіне жүгініп, онлайн түрде психологиялық және бизнес тренингтерге қатысуға ниет білдіргендердің дені – табыссыз қалған қыз-келіншектер. Жалпы мұнда ақпан айынан бастап тігу, шаш қию мен аспаздық секілді 9 түрлі курс 76 мыңнан аса адамға оқытылған. Тіпті, орталық Алатау ауданында тіркелген 1280 көпбалалы отбасының мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай көмек алуына да жәрдемдесіпті.
«ТЖ кезінде көрсеткен көмегіміз өте үлкен. 8 аудандағы қалалық орталықтар үлкен көмек берді. Бір күн демалған жоқпыз, тізімдерді жасап, әр ауланы аралап, жан-жақты көмегімізді бердік. Енді алғысымды айтқым келіп отыр осы аналарға. Өйткені біздің ауданда карантин кезінде аналардың өзі көмекке шықты. 2 мыңдай медициналық бетпердені онкологиямен ауыратын балаларға, қарттар үйіне таратты», – деді «Бақытты отбасы» алатау ауданы орталығының басшысы Ақмарал Басирова.
Осылай қолөнер кәсібін дөңгелеткен Айгүл Дүмдебаева 6 баланың анасы. Табысы аз болса да, карантин уақытында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесуді жөн санапты. Қазан айынан Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығында тігін шеберлігінен сабақ беруді бастаған Айгүлдің жеке тобында қазір 20 қыз-келіншек бар.
«Пандемия кезінде маскаменен айналыстық. «Бақытты отбасында» басшымыздың көмегімен үйде отырып маска тіктік. Онкологиямен ауырған адамдарға, жағдайы төмен, көпбалалы аналарға тегін маска тараттық. 1 маскаңыздың өзі 180-200 теңгеге дейін көтерілді ғой ол уақытта. Қандай да адам болса, жақсылық жасағысы келеді», – деді көпбалалы ана Айгүл Дүмдебаева.
3 мүгедек баланы асырап отырған ана, бизнес жоспарым қолдау тапса, 5 миллион теңгеге цех ашамын дейді. Ал, қазіргі уақытта барлық ауданда «Бақытты отбасы» орталығы бар. Олар төтенше жағдай кезінде онлайн түрде қызметін жүргізіп, енді дүйсенбіден бастап қалыпты жұмыс кестесіне оралмақ. Мекеме ашылғанға дейін үйде отырған аналар онлайн түрде бір-бірімен кездесу өткізіп, тәжірибесін ортаға салып жүр.
«Жалпы, пандемия кезеңінде қызметтердің 20 түрі ұсынылып, ақпан айынан бастап 118 адам қамтылды. Біздің қызметтерімізге 2426 адам жүгінді. Қазіргі жағдайды түсінетін және біздің орталықтардың қызметіне белсенді қатысатын барлық аналарға үлкен рахмет айтқым келеді. Олар еріктілерге көмек көрсетіп, моральдық қолдау жасады», – деді «Бақытты отбасы» Әуезов ауданы орталығының басшысы Сәуле Бекетаева.
Еске сала кетсек, өткен жылы «Бақытты отбасы» орталықтарының қолдауымен «Бизнес Бастау» бағдарламасы аясында 400-ге жуық алматылық өз ісін ашты. Ал, биыл 500-ге жуық көпбалалы ана кәсіпкерлік курстарынан өтуді жоспарлап отыр.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы