«Ұлы дала қырандары» Қоянды ауылында ұстаның шеберлік сабағын ұйымдастырды

28.05.2019 22:18

Ақмола облысына қарасты Қоянды ауылында ағаштан түйін түйген ұстаның шеберлік сабағы өтті. Шараны Қазақстан президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұлы дала мәдениетін жаңғырту – кандидат бағдарламасының басты мәселелерінің бірі. Ұлы дала төсінде ғасырлар бойы салтанат құрған көшпелі өмір салттың мұрагері қазақ халқы екендігі белгілі. Ата-бабаларымыз тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, сан алуан әшекейлерді, қару-жарақтарды қолдан жасаған. Сол дәстүрі әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан шеберлердің бірі – Ержан Кәрімханұлы. Ол бүгін ағаштан домбыра, ыдыс-аяқ, жиһаз, кәдесыйларды қалай жасаудың қыр-сырымен бөлісті. Жастарға бұйымдарды ұлттық нақышта безендірудің тиімді тәсілін түсіндірді.

«Бұл – біздің ата-бабамыздан бері келе жатқан ұлттық өнер. Сондықтан оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруға бір үлесімді қоссам деймін. Бүгінде бұл өнерді үйренуге талпынып жүрген жастарымыз бар. Солардан шәкірт тәрбиелеп, осы өнерді дамыту ниетім бар. Ең қиын нәрсе – домбыра жасау. Оның нақышын, дыбысын дұрыс келтіру керек. Қызыл ағаштан домбыра жақсы шығады», – дейді ағаш шебері Ержан КӘРІМХАНҰЛЫ.

«Бүгінгі таңда біздің сайлауалды бағдарламамызда осы ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту қарастырылған. Сол үшін осы қолөнер шеберлерінің сыныптарын өткізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда қолөнершілердің барлығы жас ұрпаққа үлкен өнеге болып табылады», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды штаб басшысының орынбасары Дидар Оралбекұлы.