Жазғы демалыста көше кезіп, саудамен айналысатын, мейрамханаларда даяшы болып жүрген жасөспірімдер көбейіп барады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мамандар жылдан-жылға нәпақа табу үшін ауыр, денсаулыққа қауіпті жұмысқа баратын жастар қатары артқанын айтады. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 73 миллионнан астам бала қауіпті еңбек түрімен айналысады.
17 жастағы Азат та еңбек жолын дәл осылай даяшы болып бастаған. Жасөспірім оқу мен жұмысты қатар алып жүр. Жақында ол еңбек келісім-шартына қол қойып, ресми түрде әлеуметтік қызметкер атанды.
- Мектепке барып жүргенімде жарты күн жұмыс істейтінмін, ал қазір 8 сағаттық уақытқа көштім. Осылайша, өз қажетіме ақша табамын. Әзірге 100 мың теңгедей жалақы аламын. Сонымен қатар мен Instagram парақша жүргізіп, тауар тасумен айналысамын, - дейді әлеуметтік қызметкер Азат Болатұлы.
Баланы мектеп жасынан еңбекке баулыған дұрыс. Бірақ олардың қауіпсіздігіне жұмыс берушілер селқос қарамауы тиіс. Заң бойынша жасөспірімдерге атом электр стансалары, цемент өндiрiсi, электр энергетикасы салаларында жұмыс істеуге қатаң тыйым салынған.
Кәмелетке толмағандардың екі қолға бір күрек табуына мүмкіндік жасау үшін 2021-2025 жылдарға бағытталған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Ол үшін еңбек етуге ниетті жастар жұмыспен қамту орталықтарына барып, өтініш қалдыруы керек.
- Негізі жұмыс берушілерге де, жұмыс іздеп, жұмыс істегісі келетін адамдарға да Үкімет тарапынан жақсы мүмкіндік. Егер бізге сондай орындар тағайындалып, берілетін болса, біз кәмелет жасына толмаған балалармен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз. 30 АЕК мөлшерінде 12 ай жұмыс істейді, қолма қол ақшаларын алып отырады, - дейді әлеуметтік мекеменің меңгеруші Мадина Қобдалиева.
Бұғанасы бекімеген балаларды еңбекке тартпас бұрын жұмыс беруші Денсаулық сақтау басқармасы мен Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің келісімін алуы шарт. Келісім-шарт 16 жасқа толған азаматтармен ата-анасының жазбаша рұқсаты арқылы жасалады.
- 12 маусым Халықаралық балалар еңбегінің ең нашар түрлерімен күрес күні болып саналады. Оның ішінде базарларда балалардың ауыр жүк тасыған немесе көшеде көлік жуған, тіптен құлдықта болан деректері кездесіп жатады. Енді Қазақстан бізде балалар құқығын қорғау конвенциясына және бірқатар халықаралық факультативті хаттамаға қол қойған. Бұл біздің еліміз осы құқықтық нормативтік актілерді нормаларды талап етеді, - деді заңгер Гүлшара Сапарова.
Еңбек кодексіне сәйкес, келісімшарт 16 жасқа толған азаматтармен ресми түрде жасалады. Алайда 14-15 жастағы жасөспірімдер де шығармашылық мамандықтарға тұра алады. Еңбек комитетінің мәліметіне сүйенсек, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қадағалау үшін мониторинг жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Сонымен қатар қазіргі таңда сенім телефондары да бар.
- Аталған іс-шаралардың нәтижесінде 2022 жылы Еңбек заңнамасының бұзушылығы анықталды, бұл жерде 3 факт бар, олар Атырау, Қарағанды және Шымкент қаласында тіркелген. Сонымен қатар 1 факт Алматы қаласында анықталды. Ойын-сауық кешенінде 2005 жылғы қыз бала даяшы болып жұмыс істеген, - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің бас сарапшысы Самал Жұмағазиева.
Еңбек министірлігінің ақпаратына сүйенсек, жуырда кәмелетке толмаған азаматтарға рұқсат етілетін жұмыс тізімі әзірленіп, құзырлы мемлекеттік органдар қарастырып жатыр.
Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы жас түлектер мен ата-аналарға үндеу жасады