|
28.06.2022 | 17:20
2572

БАҚ өкілдері үшін мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету керек – Мәулен Әшімбаев

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген

БАҚ өкілдері үшін мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету керек – Мәулен Әшімбаев Almaty.tv

БАҚ өкілдері үшін мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету керек. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта ақпаратқа қолжетімділік туралы заңды қарайтындарын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мемлекеттік органдарға спикерлердің сапалы пулын құруды тапсырды. Барлық орталық және жергілікті атқарушы ведомстволарда маманданған спикерлер некен-саяқ екенін мойындап отыр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген. Оның ішінде ведомство басшысы арнайы жүргізілген статистика нәтижесінде қазақстандықтар көк жәшік арқылы таралатын ақпараттың шынайылығына күмән келтірмейтінінін жеткізген.

«Қазақстандықтар үшін танымал әрі сенімді ақпарат көздері қайсы деген мәселеге келер болсақ, онда Internews in Kazakhstan деректерінің статистикасын мысал ретінде айтсақ болады. Қазақстандықтардың басым бөлігі теледидарға сенеді - 58,1 пайыз, екінші орында - интернет сайттар 34,3 пайыз. Бұқараның жартысынан көбі мемлекеттік медиаға сенеді - 51,4 пайыз», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров.

Ақпарат құралдары саласында да әлі де түйіні күрмелген түйткілдер баршылық. Мәселен, БАҚ қызметкерлерінің әлеуметтік қамтамасыз етілуі, кейбір мемлекеттік органдардан жедел ақпарат алу секілді кедергілер жойылмаған. Сенат спикері мәселелерді Заңға өзгерістер енгізу арқылы шешуге ниетті екендерін жеткізді.

«Өздеріңіз білесіздер, Үкімет БАҚ туралы Заңға өзгерістер енгізіп немесе жаңа заң дайындаймыз ба деген ниеті бар. Мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Мысалы, не істеп жатыр, қандай шешімдер қабылданып жатыр? Осындай барлық ақпараттарды журналистерге және мүдделі азаматтарға мемлекеттік органдар беріп отыруы керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Ал Үкімет басшысы министрлерге «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру үшін ашық ақпараттық кеңістікті дұрыс пайдалануымыз керек деген міндет қойды. Бұл ретте баспасөз хатшылары ресми ақпарат берудің жаңа форматына көшуі керегін айтты.


«БАҚ анықтамалық материалдарды уақытылы ұсыну керек. Тек сонда ғана қоғам қарапайым халыққа арналған игі істердің қалай жасалып жатқанын көре алады. Мемлекеттік органдардың ресми өкілдері, баспасөз хатшылары ресми хабарды берудің жаңа форматына көшу керек деп санаймын. Кәсіби, құрғақ тілде жазылған пресс релиздерді таратумен ғана шектеліп қалуға болмайды», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Үкімет журналистермен ашық қарым қатынас орнату үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарда салалық қызметіне маманданған спикерлердің сапалы пулын құруды мақсат етіп отыр. Осылайша, БАҚ өкілдерінің ресми сауалдарына егжей-тегжейлі және толық ақпарат беретін спикерлер тобы қалыптаспақ.

Асылбек Тойбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир