Елімізде 8 өңірдің тұрғындарын газбен қамту үшін 58 жоба жүзеге асырылып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің Экология министрі атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаланы атады. 45 елді мекеннің ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент бар. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі. Аталған мәселені шешу үшін министр 17 жол картасы әзірленгенін айтты. Оның ішінде Алматы қаласы бірінші болып экологиялық жағдайды жақсартуға кірісіп кеткенін жеткізді. Елордалық Almaty.tv тілшісі Анар Қанат тарқатады.

Экология министрі Парламент Мәжілісінде Экологиялық кодекстің екінші оқылымда қабылданғанын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа кодекс қоршаған ортаға келетін зиянды едәуір төмендетуге бағытталған. Әйтсе де заңды күтпей-ақ өңірлерде экологиялық ахуалды жақсарту үшін 17 жол картасын әзірлеп қойдық дейді. Алайда Алматы қаласында айтарлықтай жұмыс жасалып жатқанын тілге тиек етті.

«Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсарту үшін дайындалған жол картасында 20 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде негізгісі - ЖЭО-2 мен ЖЭО-3 газға ауыстыру, қалаға іргелес жатқан жекеменшік үйлерді газдандыру, коммуналдық және қоғамдық автокөліктерін табиғи газға көшіру, дизель отынымен жүретін қоғамдық көлікке кезең-кезеңмен тыйым салу, транзиттік көліктердің кіруіне/жүруіне шектеу қою жағын қарастыру және көгалдандыру. Сонымен қатар, жел режиміне зерттеу жүргізу және соны ескере отырып, сәулет келбеті ережелеріне өзгерістер енгізу және құрылыстың бас жоспарын түзету болып отыр», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Ал, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев еліміздің 8 өңірінде халықты газбен қамту үшін 58 жоба жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, 2015-2020 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен әкімдіктерге газдандыру жұмысына 125 млрд теңге мөлшерінде нысаналы трансферттер және соңғы 2 жылда 76 млрд теңге бөлінген. Ал, Шығыс Қазақстанға Ресейден газ тарту жоспарлануда.

«Солтүстік өңірлерден басқа Қазақстанның шығыс бөлігі газдандырылмаған. Газдандырудың ықтимал нұсқасы «Барнаул - Рубцовск - Семей - Өскемен» бағыты бойынша Ресей Федерациясынан газ құбырын салу болып табылады. Бұл ретте Семей маңында Павлодар облысына қарай бұру болжанады. Аталған бағыт бойынша газ құбырын салу саны осы өңірлердегі 2,1 млн адамға көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік береді. Тұтыну көлемі жылына 2,3 млрд м3 деңгейінде болжануда», – деді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Елдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін Үкімет 2025 жылға дейін ормандардың аумағын 500 мың гектарға ұлғайтып, 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Тараз қалаларында қоқыс өңдейтін зауыттардың 6 пилоттық жобасын іске қосу көзделген. Бұл кемінде 200 млрд теңге жеке инвестиция тартуға және қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу үлесін 30 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Новости партнеров