Жекеменшік бөбекжайды жартылай мемлекет қаржыландырып отыр
Атырауда бүлдіршінге қол көтерген тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Екі күн бұрын қаладағы бөбекжайлардың бірінде мекеме қызметкері 2 жастағы кішкентай қызды ұрып, итеріп жіберген. Салдарынан, баланың ерні ісіп, маңдайына зақым келген. Тәрбиешінің бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазбада көрсетілгендей, күтуші баланы итеріп жібергенде, ол басын кереуетке соққан. Қазір аталған жайтқа қатысты қызметтік тексеріс басталды.
– Балабақша басшылығы тарапынан, жағдайға тікелей қатысы бар жандардың үстінен қызметтік тексеріс басталды. Ұжыммен профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Қазір тергеу жүріп жатыр. Сондықтан ешқандай ақпарат бере алмаймыз, – деді балабақшаның меңгерушісі Лаура Қоңырова.
Бауыр еті баласын небәрі 3 күн бұрын ғана балабақшаға берген анасы мекемеге арнайы барып, бейнебақылауды тексерген. Сонда ғана тәрбиешінің баланы итеріп, ұрғанын көріп, құзырлы орындарға шағымданған.
Ақпар үшін айтайық, мектепке дейінгі ұйымға 200-ден аса бала барады. Жекеменшік бөбекжайды жартылай мемлекет қаржыландырып отыр.
– Отырған баланың қарақұсынан ұрған. Аяқасты балам бір жағдайға ұшыраса, кім жауап береді? Төсектің шетіне қарай лақтырған, ерні мен маңдайы соғылған. Қалай құлады? Бейнебақылаудағы видеоны көріп, есімді жия амай отырмын, – деді ата-ана Құралай Еділбаева.
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында экс-депутат жасөспірімді зорлады деген күдікке ілінді