Қан майданда қару асынып, елін жаудан қорғаған батыр қыздарымыз қаншама. Ал, ұрыс даласында жараланғандарды ажалдан арашалаған бұрымдылардың өмірін бірі білсе, бірі білмейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Гүлжанар Жұмахан Ауған жеріне аттанғанда, не бәрі 23 жаста болған. Оқуын енді бітірген жас медбике өзінің жастық шағын жаралы әскерилерді емдеумен өткізген. Еліне аман сау оралған бойжеткен қызметін қалалық емхананың жан сақтау бөлімінде медбике-анестезист болып жалғастырды. Екінші майдан алаңы атанған реанимация бөлімінде соғыста жүргендей боласың, адам жанын аман алып қалу үшін жан таласасың дейді. Дейтұрғанмен соғыс жылдарындағы сәттерді өзгеше кейіпте еске алады. Себебі ол сәттерді ұмыту мүмкін емес дейді батыр қызымыз.
«Минаға түскен әскерді госпетальға қолымызбен көтеріп келген кезіміз болған. Сол оқиға, әскерді дауысы әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Анасын айқайлап шақырған әскер қайтыс болып кетті. Сүйектері шытынап кеткен. Денесін ұстайтын жер болмады. Қаннан көрінбеді. Кеуде жағы ғана сау болды», – деді Ауған соғысының медбикесі Гүлжанар ЖҰМАХАН.
Міне, осындай сұрапыл майданды көзбен көрген қызымыз бүгінде алпыстың асқарына жеткен. Ауған соғысының ардагері, 10-ға жуық орден-медаль иегерінің кеудесіне бүгін тағы да бір төс белгі тағылды.
«Қаншама қызымыз ерлік көрсетті. Қаншама медбикенің және де штатта жұмыс істеген әйелдеріміздің ерлігі шексіз. Біз бәріміз оны толық білеміз. Және де құрметтейміз!» – деді «Арлан» Ауғаныстан соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек ДӘРІБАЕВ.
Гүлжанар Жұмахан бірнеше медаль иесі атанып қана қоймай, №4-қалалық емханада еңбек етіп жүр қазір. Мамандығын ардан биік ұстаған азаматша бүгінде әріптестерінің ішінде үлкен құрметке ие.
«2007 жылдан бері бірге жұмыс істейміз. Сол 13 жылдан асыпты брге жұмыс істегенімізге. Осы кезде өзінің жұмыс жағыменде, үлкенді кішіні сыйлауда өз тәжірибесін көрсетті», – деді медицина қызметкері Сәдубек ШӨКЕШОВ.
Түрлі қиыншылықтарды басынан өткізген адал қызметкерді ұжымда бәрі құрметтеп, үлгі тұтады. Өткен күннің ерлігі – бүгінгі ұрпаққа мол тағлым. Гүлжанар Жұмахан білікті маман ретінде қазақ еліне әлі де берері мол.
Зере Әмірқызы, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы