|
12.04.2024 | 17:23
2093

Мектеп жоқ: қала іргесіндегі елдімекен өркениеттен неге жұрдай

Оқушылар қалаға қатынап оқуға мәжбүр

Мектеп жоқ: қала іргесіндегі елдімекен өркениеттен неге жұрдай Almaty.tv

Талдықорғанның іргесіндегі екі мыңнан астам адам тұратын 3-бөлімшеде не мектеп, не емхана, тіпті дәріхана жоқ. Жұрт керегін алу үшін 5 шақырым жол жүріп, шағынаудан шетіндегі аялдамаға баруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талдықорғанға қарасты 3-бөлімшеде 2 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 600-і - оқушы. Олар елдімекенде мектеп болмаған соң қалаға қатынап оқуға мәжбүр. Оның өзінде аялдамаға жету үшін 5 шақырым жол жүретін балаларын уайымдаған ата-аналар автобустың аудан ішіне кіргенін қалайды.

– Таңертең сағат 9:00-де, 10:00-де қосымша сабақ басталады. Ол кемінде 1-2 сағат болады. Ал 12:40-та сабақ басталады. Үйге барамын дегенше, 40 минут жүреді. Шәй-тамақ ішуге үлгермейді, – деді қала тұрғыны Айнаш Нұрсұлтан.

– Менің қызым алдыңғы күні сағат 8:20-да автобустан түсті. Егер оған қауіп төнсе, кім жауап береді? Таңертең сағат 7:00-де кетеді, кешке 8:20-да келеді. Сондықтан №3 қоғамдық көліктің бағытын аудан ішіне дейін ұзарту керек, – деді қала тұрғыны Бегайым Мейірбекова.

«Ауыр жүкпен трассаға жете алмаймыз» деген жұрт, қоғамдық көлікті қойып, такси шақырса келмейтін көрінеді.

– Бес  елдімекен бір автобусқа қарап отыр. Олардың арақашықтығы 15 минут, кейде 20 минутқа созылады. Қызым көрші ауылға баратын таксиге отырады. Шынымды айтайын, жанымды шүберекке түйіп отырамын, – деді қала тұрғыны Айгүл Әбдікерім.

Шерін айтып шыққан наразы топтың алдына Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары келді. «Жұмыс істеп жатырмыз» деп сөзін бастаған шенеунік келер оқу жылына дейін жолды жөндеп, автобус кіріп-шығатындай жағдай жасауға уәде берді.

– Жолдың сметасы желтоқсанда жасалды. Конкурсты әкімнің тапсырмасына сәйкес, хабарландыру жарияладық. 1 сәуірде шарт жасалды.  Ұтып алған «РСУ 1» мекемесі жұмысын дүйсенбі бастайды. Жол жөндеу жұмысы екі жарым айда аяқталады, – деді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.

«Қала іргесінде тұрсақ та, шетте қалып қойғандай сезінеміз» деген жұрт жарық мәселесі де тілге тиек етті.  Аудан халқы жергілікті әкімдіктің уәдесіне сеніп артып отыр.

Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Талдықорғаннан

Оқи отырыңыз: Күйік асуындағы күйзеліс: Жуалы ауданындағы тасжол қашан жөнделеді

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир