Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын 120-дан аса түлек сәтті тәмамдап шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың қатарында түрлі саланың өкілі бар. Ел мүддесіне адал, аянбай еңбек етуге бекінген жас буынның бұл – қызметтегі алғашқы биігі.
Мұнайлы Атыраудан келген Айнагүл бала күнгі арманын арқалап, мемлекеттік қызметте жүргеніне 7 жылға жуықтапты. «Әкімдікте еңбек етсем, халқыма пайдам тисе» деген ойды жүзеге асырып келеді. Бір жыл бұрын біліктілігін шыңдау үшін бас қаладағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға тапсырған. Жаңа мамандық бойынша магистр дәрежесін алып жатыр.
– Арман қуып, Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқуға қабылдандым. Бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметке келдім. Мұнда мүмкіндік мол екенін білдім. Академияны тәмамдап, «адами ресурстарды басқару» мамандығы бойынша магистр атандым, – деді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі Айнагүл Какиева.
Алтай Зейнелғабдин болса, саналы ғұмырының 30 жылын осы мемлекеттік қызметке сарп еткен жан. Ең алғашқы еңбек жолын қаржы саласында экономист болып бастаған. Мемлекеттік қызметтің қалыптасуынан бері, қызығын да, қиындығын да көрді. Ширек ғасырдың ішінде өсудің сан сатысынан өтті. Еліміздің жоғары аудит палатасында қажырлы қызмет етті. Қазір көрген білгенін, түйгенін жас буынға үйретіп, тәлімгерлік етіп келеді.
– Мемлекеттік қызмет деген не? Ол – еліңе қызмет ету. Сондықтан тәжірибе алу керек. Онсыз сен халыққа да, өзіңе де еңбек ете алмайсың, – деді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Алтай Зейнелғабдин.
Мемлекеттік қызметшілер төл мерекелерін биыл ресми түрде оныншы рет атап өтті. Тәуелсіздік алған жылдары сала түбегейді өзгерді. Жаңғырды, жаңарды, түрлі белестерден өтті. Ресми дерекке сүйенсек, қазір елде 67 мыңнан астам азамат мемлекеттік қызметте жүр. Олардың 20 мыңы жастар. Халыққа еңбек етіп, қатарды толықтырамын деушілерге әлі де мүмкіндік бар. Бүгінде мемлекеттік қызметте 8 мыңнан аса бос жұмыс орны маманын күтіп тұр.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Кейбір қазақстандықтардың жалақысы өсетін болды