Көбі халыққа қолайсыз жерде орналасқан, мүгедектерге ешқандай жағдай жасалмаған
Президенттікке үміткерлердің барлық сайлауалды штабтары сайлауға толық дайын емес. «Аманат» азаматтық платформасының өкілдері осылай дейді. Аталмыш ұйым бір ай ішінде 7 кандидаттың да сайлауалды штабтарының дайындығын тексерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біз мониторинг жүргізген барлық штабтар алдағы сайлауға дайын болмай шықты. Кемшіліктер өте көп. Бірінші кезекте ол – сайлау штабтарының орналасқан жерлері халыққа қолайсыз. Алыста орналасқан, тіпті, кейбір көшелердің аттары мен сайлау учаскесінің нөмірі де жоқ. Кей жерлерде сайлауды жарнамалайтын плакаттар да болмады. Барлығына кеткен кемшіліктерді түзеуге ескерту жасадық. Сайлауға бірнеше күн қалғанда тағы бір рет мониторинг жүргізіп шығамыз», – деді «Аманат» азаматтық платформасының штаб мүшесі Александр БЕЛЯНОВ.
Барлық сайлау учаскелеріне ортақ тағы кемшілік – мүмкіндігі шектеулі жандарға мүлдем жағдай жасалмағандығы.
«Барлық сайлау учаскесі қолжетімді емес деп айтуға да болмайды. Өйткені пандустар жасаған, көзі көрмейтіндерге біраз жерлерде арнайы жолдар жасаған. Бірақ, жеткіліксіз десек болады. Өйткені, басқа да азаматтар бар ғой: көзі нашар көретіндер, сөйлей алмайтындар, немесе құлағы нашар еститіндер. Соларға жағдай жасау керек», – дейді «Қазақстанның мүгедектер одағының» төрағасы Әли АМАНБАЕВ.