|
29.12.2022 | 17:25
2763

Мемлекеттік қызметкерлердің табысы мен шығыны бақылауға алынбақ

Аталған норма 2027 жылдан бастап күшіне енбек

Мемлекеттік қызметкерлердің табысы мен шығыны бақылауға алынбақ rus.ozodi.org

Кіріс пен мүлік туралы декларацияда негізсіз мәлімет келтірген шенеуніктер қызметінен айырылып, айыппұл арқалайды. Аталған норма 2027 жылдан бастап күшіне енбек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың негізсіз баюы – заңға қайшы. Аталған мәселені ретке келтіру үшін елде 2027 жылдан бастап талаптан тыс шыққан шенеуніктер айыппұл төлейді. Яғни, қызметкердің яки оның жұбайының шығын мөлшері ресми табысынан көп болса, мансаптық санкция салынады. Бүгінгі Сенаттың жалпы отырысында сыбайлас жемқорлық агенттігі өкілі тақырып әлі де толыққанды тарқатылады деді.

«Санкция айырмашылық мөлшері көп болған жағдайда салынады. Шығын мен табыс айырмашылығы 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асса, мемлекеттік қызметкерге айырмашылықтың 90%-на тең болатын айыппұл салынады. Дегенмен барлық жағдайда шығынның заңды екенін түсіндіруге мүмкіндік беріледі. Ал шығын мен кіріс арасындағы табыс мемлекеттік қызметкердің жылдық табысынан асып кетсе, ол қызметінен босатылады», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов.

Сенат отырысында талқыға түскен мәселелер екі оқылымда қабылданып, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. Заңнамалық актілер мен елдің қылмыстық әрі әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстері қаралған жиыннан соң, сыбайлас жемқорлық фактісіне қатысы бар Қайрат Сатыбалдыұлының тергеуіндегі эпизод айтылды.

«Өздеріңіз білесіздер, ең басты қылмыстық ісі бойынша тергеу бітті, соттың шешімі шықты. Әрі қарай жұмыс жүргізіліп жатыр. Басқа мәліметті қазір айта алмаймыз. Өздеріңіз білетіндей, Бас прокуратураның қадағалауымен жүріп жатыр», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов.  

Сыбайлас жемқорлық агенттігі заң жобасы мен 11 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 кодекске және 8 заңға түзету енгізуді ұсынды. Әзірленген түзетулер заңнаманы одан әрі жетілдіру мен халықаралық стандарт негізінде сыбайластықтың алдын алуға бағытталған.

Мадина Оқас, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир