Алматыда бір топ кәсіпкердің мәселесі шешілді

12.09.2019 22:26

Бизнестеріне бөгет туындаған 55 кәсіпкерге көмек көрсетіліпті

Осыдан екі жыл бұрын Алматы әкімдігі Әуезов-Құрманғазы және Шевченко көшелерінің маңындағы көлік тұрағын алып тастап, машиналарды тоқтауына тиым салған  сары жолақтарды сызып тастаған еді. Бұл ондаған бизнес иелерінің тұтынушыларынан тікелей айырылуына түрткі болды. Табысы тоқтап, шаруасы тұралаған адамдар арадан екі жыл өткен соң ғана көлік қоюға арналған қалташаны қайтарып алды, деп хабарлайды 

2017 жылға дейін жұмыстарын  уайымсыз жүргізіп отырған кәсіпкерлерге кедергі  қалалық әкімдіктен келген. Жол бойын жағалай орналасқан офистерге тоқтайтын тұтынушылар сары жолақтың кесірінен жоламай кеткен.

«2017 жылы жолды жасай бастағанда осы жердегі көлік қоятын орындардың барлығын алып тастады. Мұнымен қоймай, жолдың екі жағына да көлік қоюға болмайтын сары жолақтар сызып қойды.  Қаладағы кәсіпкерлер үшін көлік қоятын орынның болуы өте маңызды. Қалай осы жерге көлік қоюға шектеу қойды, солай біздің бизнесіміз тоқырай бастады. Клиент түгілі сауда орнына өзіміз де кіре алмай қалдық»– дейді кәсіпкер Әлихан Дадаев.

Осы назымызды айтып бармаған жер, баспаған тауымыз қалмаған еді дейді кәсіпкерлер. Әкімдіктен бастап «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасына дейін жағдайды айтып, шағымданған. Құзырлы орындардың табалдырығын тоздырудан еш нәтиже шықпаған. Офиске құлып салу ғана қалды деп, қаржы табудан күдер үзген бизнесмендерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент көмекке келген.

«Шағын және орта бизнестің сыбайлас жемқорлыққа айтарлықтай байланыс болмаса да біз осы органға жүгінуге мәжбүр болдық. Нәтижесі көңіл толарлық болды. Осы көктемде алдымен сары жолақты, содан кейін бұрынғы көлік қоятын қалташамызды қайтарды. Бұл өзгеріске біз ғана емес, клиенттеріміз де қуанып жатыр», – дейді кәсіпкер Людмила СТЕПАНОВА.

«Жол жасап жатқан кезде аялдаманы, көлік қоятын орындарды бас жоспардан алып тастаған. Сол бас жоспарға өзгеріс енгізіп, машина тоқтайтын жолақтарды қалдырып, сары жолақты алып тастағанның нәтижесінде 14 кәсіпкердің бизнесіне жан бітті», – дейді Алматы  қаласы сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  департаментінің басқарма басшысы Ернар ИГІЛІКОВ.  

Департамент  өкілдері  шағым айтқан  кәсіпкерлер  саны  аз  емес  дейді.  Бизнестеріне бөгет туындаған 55 кәсіпкерге көмек көрсетіліпті.