|
12.03.2024 | 16:26
6723

ШҚО-да ресми бағыттағы қоғамдық көлікке сұраныс азайған

Олар өңір бойынша бірнеше бағытта ғана қатынайды

ШҚО-да ресми бағыттағы қоғамдық көлікке сұраныс азайған Almaty.tv

Шығыс Қазақстандағы автопарктер заңсыз тасымалдаушылармен бәсекеге қабілетсіз болып шықты. Еш жерде тіркелмеген, тіпті рұқсаты жоқ жүргізушілер оларға кедергі келтіреді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өскемендегі автовокзал – пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан қызметі мен мәртебесін сақтап қалған еліміздегі жалғыз бекет. Басқа қалалардағы мұндай орындар жұмысын тоқтатса, кей өңірде өзге мекемеге қосылған. Шығыны көп болғанымен, жеке дара автовокзал індеттен кейін жұмысын қайта жандандырды. Қоғамдық көлік қозғалысын дамыту үшін субсидия да қарастырылған, алайда бұл автобустарға аса қатты сұраныс жоқ сияқты. Қазір олар өңір бойынша бірнеше бағытта ғана қатынайды.

– Жолаушы айтарлықтай көп емес. Бірақ мүлдем жоқ деуге келмейді. Өскеменге 5 адам, Жоғарғы Үбіге дейін 5 адам отырады. Көбі сол жаққа қарай жүреді, – деді Шемонаиха қалалық автостансасының кассирі Ольга Понеделко.  

Соның өзінде 1 айда автобус тасымалдаған жолаушы саны 100-ден де аспаған. Бірақ бұл жақта қоғамдық көлік күніне 2 рет қатынайды. Бос кетіп, бос келіп жүрген соң пайда да жоқ. Тек шығын. Ал кезіндегі жолаушы ағынын қайтару әзірге қиын, заңсыз тасымалдаушылар мүмкіндік бермейтін көрінеді.

– Бізге сұраныс арту үшін сол заңсыз тасымалдаушылардың жұмысын реттеу керек. Қазір жолаушының барлығы соларға жүгініп жүр. Мемлекеттің қолдауы босқа кетіп жатыр, – деді Өскемен автобекетінің директоры Алмас Бейсенғазин.

Автопарктердің тынысын тарылтқан әлгі тасымалдаушылар салық та төлемейді, лицензия да алмаған деседі. Автобус қызметіндегілер секілді медициналық тексеруден де өтпейтін көрінеді.

– Мұның бәрі жол қауіпсіздігіне әсер етеді. Саланың дамуына да кедергі. Көлік бақылаушыларына ұсталса, көп жағдайда жолаушылар жүргізушіні қорғап алады, – деді Көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Марат Есмұқанов.

Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, заңсыз тасымалдаушылар жолаушылар үшін жауапкершілік те алмайды. Келеңсіз жағдайда шығын өтемейді. Олармен жолдан адасқан жағдайда құтқару қызметіне де хабар кеш жетеді. Бірақ әзірге бұған алаңдайтын жолаушы жоқ. Ресми автобус қызметіне жүгінетіндер аз. Ал шығынды мемлекет есебінен өтеп жатыр. Биыл облыс ішіндегі автобус желісіне 350 миллион теңге бөлінген.

Оразай Нұртайұлы, Руслан Мұхамедияров, «Алматы» телеарнасы, ШҚО-дан

Оқи отырыңыз: Атыраулықтар апатты жағдайда тұрған ауруханада емделуге мәжбүр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир