Атыраулықтар апатты жағдайда тұрған ауруханада емделуге мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
1960 жылдары қағылған нысан – Атыраудағы жалғыз облыстық аурухана
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мұнайлы өлке Атыраудағы жалғыз аурухана апатты күйде. Облыс жұртының дертіне дауа іздейтін мекеме жарты ғасыр бойы жөндеу көрмеген. Жергілікті билік те, жауапты орындар да жағдайды қалыпқа келтіруге асығатын емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазығы сонау 1960 жылдары қағылған нысан – Атыраудағы жалғыз облыстық аурухана. Қазір адам шошырлық күйде тұр. Есік терезесінен ызғар соғады, ал жаңбыр жауса төбеден су сорғалап ағады. Сыртқы қабырғалары да құлаудың аз-ақ алдында тұр.

– Өте ескі ғимарат. Жағдай қиындау. Дәретханаға әйелдер ерлермен бірге барамыз, ол біреу-ақ. Жуынуға мүмкіндік жоқ. Халық үшін жағдай жасалса, бөлмелері тар, ескі, – деді науқас Разия Қуанышқалиева.

Облыстық аурухана ғимараты негізгі үш корпустан тұрады. Алғашқы нысанның қабырғасы осыдан 57 жыл бұрын қаланған. Бүгінге дейін күрделі жөндеу мүлдем жүргізілмеген. Соның салдарынан нысан іші әбден тозып, апаттық жағдай туғызып тұрған көрінеді. Мәселеден жауапты орынның бәрі хабардар. Бірақ бүгінге дейін нақты әрекеттің неге болмағаны белгісіз  Жағдайды білу үшінаурухана басшылығына бардық. Бас дәрігер жұмыс биыл басталатынын айтты.  

– Қазіргі таңда барлық ғимаратты жөндеу керек. Сараптама тағайындалды. Наурызда шығады. Конкурс арқылы жоспарға енгізіледі, – деді облыстық аурухананың бас дәрігері Ербол Иманғалиев.

Медициналық мекемеде 10 мыңнан аса науқас түрлі ем-дом шараларын қабылдап жатыр. Ал жалпы 70 мың адам дертіне дауа іздеп келеді. Қазір көпсалалы облыстық аурухана ғимаратының жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптамаға жолданған. Нәтижесі жуырда жарияланады.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархад Тәжиев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысынан

Оқи отырыңыз: Эпидемия маусым: СҚО-да 80 мыңнан астам науқас тіркелген

Новости партнеров