Жаңа жыл – барлық адам баласы асыға күтетін мерейлі мереке. Отбасылық шуақты мейрам. Осынау айтулы датаны әр адам жақындарымен қарсы алуға тырысады. Бірақ барлығы отбасының қасында бола бермейтіні жасырын емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нейрохирург Нұржан Әжібеков осымен үшінші жаңа жылды жұмыста қарсы алып жатыр екен. Айтуынша бұл құбылыс үйреншікті. Отбасы да отағасын қолдап, өз ісінің шеберіне ренжімейді. Керісінше, бастысы - адам өмірін сақтап қалу екенін түсінеді. Дәрігерде мадақ пен мақтау жетерлік. Алайда, науқастардың алғысы бәрінен биік тұрады,- дейді Нұржан Әжібеков. Ақ халатты абзал жан 4-ші клиникалық ауруханада 8 жыл қызмет етіп келеді. Бір жылдың ішінде нейрохирург 150-ден астам ауыр ота жасаған. Мейрам қарсаңында 2 ота жасау жоспарланып қойыпты.
«31 желтоқсан, және одан басқа мейрамдарды осы жерде өткіземіз. Үшінші жыл ота жасайтын бөлмеде қарсы алып келемін. Ол үшін еш өкінбеймін. Жарым да түсіністікпен қарайды. Біздің бөлім ең ауыр болып саналады. Мұнда түрлі науқастардың да келетінін айта кетейін. Тіпті бірнеше жері сынғандар да түсіп жатады. Жұмыстың жауапкершілігі өте жоғары. Мамандығым өзіме ұнайды», - деді Алматы қаласы № 4 ҚКА нейрохирургі Нұржан ӘЖІБЕКОВ.
Бейбіт күннің батыры – Әділжан Құдайқұлов. Маманның жұмысы - ерлік көрсетіп, кез келген қауіпті аймақтан адамды аман алып шығу. Ол өрт- құтқарушы. Өзінің айтуынша, бірде жаңа жыл мейрамында Медеу ауданындағы тұрғын үйден өрт шығып, өз басын қауіпке тігіп, үй иесін құтқарып қалған.
«Балалар 8-қабатта қалып қойған еді. пәтер түтіндегеннен кейін, балконға шығып алған. Анасы төменде болды. Жігіттер шұғыл қимылдап, жеткіншектерді түсіріп алдық. Біздің жұмыста ең маңыздысы - адам өмірі», - деді Алматы қаласы № 5 ӨҚБ өрт-құтқарушысы Әділжан ҚҰДАЙҚҰЛОВ.
Тас жолдағы тәртіпті қадағалау жаңа жылда қиындай түспек. Потрульдік полиция қызметінің инспекторы Мадияр Бекежан жаңа жылды өз үйінде соңғы рет қашан қарсы алғаным есімде емес дейді. Алайда, мамандығын сүйеді. Полицей болуды бала кезінен армандаған. Қоғамдық тәртіпті қадағалап жүргеніне 10 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында қарумен атысқандарды құрықтап, мас жүргізушіні ұстау сынды оқиғалар болып тұратынын жеткізді. Қамқор отағасының 4 баласы бар. Сұхбат кезінде инспектор үлкен қызының өзі секілді тәртіп сақшысы болғысы келетінін де айтып қалды.
«Отбасым, ата-анам және балаларым мені қолдайды. Жұмыстан қашан келеді екен деп, тағатсыздана күтеді. Үлкен қызым, табалдырықты аттай сала бірден фуражкамды алып, ала таяқпен ойнайды. Өскенде полиция қызметкері болам», – дейді Алматы қаласы ПД патрульдік полиция қызметінің инспекторы Мадияр БЕКЕЖАН.
Біз айтқан азаматтар өз ісінің хас шебері. Мұндай адамдар елімізде жетерлік. Мамандықтарынан адамдықтары биік тұратын жандардың еңбегі еленіп жатыр. Бастысы Жаңа жылды қайда қарсы алмасын - бұл жандарды отбасы сүйеді, үйлерінде тағатсыздана күтеді.
Өмір Әнуарбек Ғани Қалуов «Алматы» телеарнасы