Жаңа жылдық отшашудан зардап шеккендердің саны азаймай тұр

Жаңа жылдық отшашудан зардап шеккендердің саны азаймай тұр
Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті пиротехникалық өнімдерін тексеру жұмыстарын жүргізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

 Мерекеге орай қаланың барлық сауда нүктелерінде қауіпті пиротехникалық жабдықтар көптеп сатылуда. Ал, керемет көңіл-күй сыйлайтын отшашулардың зиянды тұстарын жұртшылықтың көбі біле бермейтіні рас. Осы ретте, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері пиротехникалық өнімдерді дұрыс қолдану бойынша түсіндіру жұмыстары мен тексерулер жүргізген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамандар пиротехникалық өнімдердің қауіпсіздік ережелеріне сай болуын және оларды сатуға рұқсаттарды тексеру мақсатында қаладағы барлық сауда орындарын аралаған болатын. Тіпті, Алатау ауданының төтенше жағдайлар мамандары балаларға пиротехниканы дұрыс қолдануды жаңа жылдық шырша мерекесінде үйретуді жөн санапты. Түсіндіру жұмыстары ойын түрінде өтіп, аниматорлар балалардың көңілдерін көтерді.

Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі ережелері пиротехникадан жиі зардап шегетін жасөспірімдерге де түсіндірілді.

«Біз жыл сайын тұрғындармен пиротехниканы дұрыс қолдану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Біріншіден, біз студенттермен және жасөспірімдермен жұмыс жасаймыз. Мереке кезінде отшашуды жиі қолданады және өкінішке орай балалар жарақат алады», - деді Алматы қаласы Алатау ауданының ТЖД бөлім инженері Дастан НҰРҒАЛИЕВ.

Төтенше жағдай қызметкерлерінің айтуынша, жыл сайынғы ескертулерге қарамастан, пиротехникалық өнімдерден зардап шеккендер саны азаймай отыр. Сондықтан, мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынды. Олар: пиротехниканы созылған қол ара қашықтықтығында жағу керек, жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін отшашуды пайдаланбау қажет және оны дымқыл жерде сақтамау керек. А сорақысы, пиротехника сататын орындардағы тексерулер нәтижесі кейбір кәсіпкерлердің әлі күнге дейін жанғыш заттарды сақтау және сату ережелерін бұзатындығын көрсетті.

Пиротехниканы қолдану ережелері

1. Пиротехниканы созылған қол ара қашықтықтығында жағу керек.

2. Пиротехникалық бұйымдарды қалтада алып жүруге болмайды.

3. Пиротехниканы жанып тұрған отта жағуға болмайды.

4. Пиротехникалық бұйымдарды бөлшектеуге болмайды.

5. Пиротехниканы қыздыру аспаптарынан алыс сақтаңыз.

6. Пиротехникалық өнімдері ылғал бар жерде сақтауға болмайды.

7. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін пиротехниканы қолдануға болмайды.

Ең өкініштісі, сертификаттың жоқтығы және оларды сақтау ережелерін білмеуі саудагерлердің кәсіпкерлік таланттарына әсер етпейтін сияқты. Сатушылар ережелерді білмесе де, жарнама жасау мен клиенттерді өз дүкендеріне шақыруды жақсы біледі.

Алатау ауданында жүргізілген тексерулер нәтижесінде 5 пиротехникалық орын анықталды. Ол жерлерде отшашулар рұқсатсыз сатылып жатыр екен.

«Бұл пункттермен Алатау ауданының полиция бөлімі айналысады. Қызметкерлер осы сауда орындары басшыларының жауаптылығымен бұл пиротехникалық өнімдерді сатылымнан алып тастайды», - деді Алматы қаласы ТЖД Алатау бөлімінің бас маманы Айдос ТАСТАНОВ.

Ал, мегаполистің әрбір екінші тұрғыны өздері немесе жақындары пиротехниканы қолдану кезінде зардап шеккендері туралы айтады.

«Мен бірнеше зымыран отшашуын сатып алдым, оларды қалай қолданатынымды білмедім. Мен қызымды шақырдым, ол әлі кішкентай болатын. Далаға шығайық дедім. Қолымдағы зымырандар атыла бастағанда оларды қарға лақтырдым. Көрші үйге атыла бастады. Негізі, бұл отшашу 69 рет атылады, бірақ ол көп атылған жоқ. Өте қорқынышты болды!», - деді Зинаида КОРЖЕВА

БЛИЦ:

«Мен көптен бері салюттарды қолданбаймын. Бірде мен питарда сатып алып, оны атқым келді. Бірақ қолымды қатты күйдіріп алдым».

«Біз тек лицензияланғандарын ғана аламыз».

«Ересектер жағы отшашуды балалардан аулақ жерде атамыз»  

«Сіңлім біреудің көзіне тигізіп, бірақ абырой болғанда бәрі жақсы аяқталды»

Дәрігерлер 2017 жылы пиротехникадан зардап шегуші 117 тұрғынды қалалық ауруханаларға емдеуге жіберген. Ал, пиротехниканы қолдану салдарынан 2018 жылы қаланың 120-дан астам тұрғыны жарақат алған екен.

«Ең бірінші күйік шалған уақытта өрт жалынын синтетикалық немесе кез келген киіммен сөндіру қажет. Күйген жерлерді суық сумен шайған дұрыс, егер дәрігерлер болса, оны антисептикпен емдейді. Ал, сосын жедел жәрдем шақыру керек» - деді Алматы қаласы № 7 қалалық клиникалық аурухананың травматологы Талғат САПАРОВ.

Аяулым Көлжігіт, Жанат Әйтенова, Мейрам Исабеков, "Алматы" телеарнасы.

Новости партнеров