Түркістан облысында мал басы артып келеді

Сурет: elements.envato.com
Сурет: elements.envato.com
4,3 млн тонна мал азығы дайындалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында 4,3 млн тонна мал азығы дайындалды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Өңірде жыл сайын мал басының көбеюіне байланысты жем-шөпке сұраныс артады. Сондықтан бүгінде егіс құрылымын қалыптастыруда мал азықтық дақылдарға басымдық беріліп жатыр. Мәселен, биыл мал азығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 2,1 мың гектарға артып, 223,7 мың гектарға орналастырылды. Бұл – жалпы егіс көлемінің 26%-ы.

Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, өсімдік шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталып отыр. Атап айтқанда, биыл өңірде мал қыстату науқанына қажетті 4,3 млн тонна ірі сояулы мал азығы дайындалған. Сондай-ақ егіс алқаптарындағы сабан, бидай, арпа қалдықтарынан 89,4 мың тонна пішендеме әзірленген.

  Биыл 1,5 жылдық мал азықтық қорды қамтамасыз ету мақсатында 1,7 млн тонна жоңышқа, 1,9 млн тонна табиғи шөп, 22,4 мың тонна сүрлем жиналды. Сонымен қатар тауар өндірушілер арқылы өзге облыстардан 399,3 мың тонна мал азығы сатып алынды. Қазір нарықта сабан бағасы 650-700 теңге, жоңышқа бағасы 1250-1300 теңге, пішен бағасы 900-950 теңгеден саудаланып жатыр, - делінген Ауыл шаруашылығының баспасөз хабарламасында. 

Агроқұрылымдарға да мал азығы дақылдарын егіп, мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқаны үшін мемлекеттік қолдау тұрақты көрсетіледі. Оның ішінде, жоңышқа, жүгеріге нақты сатып алған тұқымына, минералды тыңайтқыштарына және зиянды организмдерге қарсы қолданылатын пестицид шығыны көлемінің 50% субсидияланады. Ал жеңілдетілген жанар-жағармай агроқұрылымдардың сұранысына сәйкес тұрақты беріліп келеді.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда дәрілерді қадағалау мен балабақшаға кезекке тіркеудің бірыңғай деректер базасы құрылады

Новости партнеров