Алматыда алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелер қарыздарын өтей бастады. Былтыр ұл-қызына жәрдем көрсетуге құлықсыздық танытып, қиғылық салған бір адамға қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Дегенмен, іс сотқа жеткенде қос тараптың татуласымен аяқталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Байболат Малшыбаев 5 жыл бойы алимент төлемей, борышкерлер тізіміне енген. Жалпы, берешек көлемі 1,5 миллион теңгеден асып жығылады. Жұбайымен 2011 жылы заңды түрде ажырасқан оның бір ұлы бар. Ай сайын оған 35 мың теңге қаражат аударып отыруы тиіс. Ал жұмыссыз жүрген әке баласына бөліп берер қаражатым болмады деп отыр. Бүгін ол сот орындаушыларына 900 мың теңге көлемінде ақша аударғаны туралы түбіртекпен келіпті.
«Бала 18-ге толғанға дейін қаржылай көмек көрсету әр азаматтың міндеті саналады. Сондықтан сіз алиментті өз еркіңізбен төлеп отыруыңыз керек. Бүгінгі күнге дейін жиналып қалған қарызыңызды біз сізге есептеп көрсеттік. Қарызыңызды төлеп жатырсыз», – деп түсіндіріп өтті сот орындаушысы борышкер әкеге.
Борышкер әке әлі тұрақты жұмысқа тұрмағанын айтады. Қаражаттан қысылған ұлына Байболаттың ағайын-туысы көмектесіпті. Егер мүмкіндік болса, жауапкершіліктен жалтармайтын едім деп ағынан жарылды. Заңмен ойнауға болмайтынын түсінген әке қалған қарызын да өтеуге уәде етті.
«Төлеу керек екен. «Төлемей қалармын» деген ойды мидан шығарып тастаған дұрыс, негізі. Бәрібір тауып алып, сот орындаушылары төлеткізеді. Сол, «ұмытылып кетер, төлемей жүре берерміз» дегенмін мен де, бірақ олай болмайды екен. Қазір заң қатал екен. Төлеу керек екен. Лажы болса төлеңіздер», – деп өзі сияқты борышкер әкелерге кеңесін айтты Байболат МАЛШЫБАЕВ.
Алматыда былтыр бала алдындағы жауапкершіліктен қашып жүрген 11 мыңнан астам азамат болған. Қазір олардың саны 8 мыңды құрайды. Оның 300-ге жуығы мемлекеттік, ал қалғаны жеке сот орындаушыларының өндірісінде. Оның ішінде, алиментті уақытылы төлемей жүрген 600-ге жуық әке бар.
«Алимент бойынша «ол нақты мынандай уақытта өндіріледі» деп кесіп айту мүмкін емес. Өйткені, алимент бала 18 жасқа дейін өндірілетін нәрсе ғой. Біз 18 жасқа дейін алимент қарызы бар бар әкелердің артынан қалмай, қудалап жүріп өндіртіп беруге тырысамыз. Ал алимент төлегісі келмейтін борышкерлер көбінесе қашып-пысып, төлемеуге тырысады. Тұрғылықты мекенжайын ауыстырып, жұмыс істейтін орнын бізден жасырыа жатады», – деді Алматы қаласы Әділет департаменті атқару өндірісін қамтамасыз ету басқармасының басшысы Рахым ОРЫМБАЕВА.
Мамандар бауыр еті баласына ақша төлеуден жалтарғандарды қылмыстық жаза күтіп тұрғанын ескертеді. Енді баласын құшақтап жалғыз қалған аналар бірден кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі сотқа барып, арыз тастай алады.
«Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, шара қабылдануы мүмкін. Борышкер әкелерге қатысты қазір әкімшілік және қылмыстық іс-шаралар қолданып жатырмыз. Алментті мүлдем төлемей жүргендерге қатысты материалдарды қаланың Ішкі істер департаментіне жіберіп отырмыз. Егер олар қатаң шара қолданса, проблемалық алименттердің сұрағы шешіледі деген ойдамыз», – деді Рахым ОРЫМБАЕВА.
Айта кетейік, борышкер 3 айдан артық алимент төлемесе, 2 жылға бас бостандығынан айырылуы да бек мүмкін.
Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы