|
24.11.2022 | 17:27
2357

Инсульттің алдын алу жолдары қандай

Инсульт - қан тамырларының бітелуінен немесе жарылуынан туындаған мидағы қан айналымының бұзылуы

Инсульттің алдын алу жолдары қандай Almaty.tv

Алматылық кардиолог инсульттің алдын алу жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Инсульт - қан тамырларының бітелуінен немесе жарылуынан туындаған мидағы қан айналымының бұзылуы. 

№11 қалалық емхананың кардиолог-дәрігері Пархат Тұрсыновтың айтуынша, инсульт халық арасындағы өлім-жітім бойынша екінші не үшінші орында және мүгедектікке әкелетін себептердің арасында бірінші орында тұр.

Маманның айтуынша, инсульттің екі түрі бар: тамырдың тромбпен бітелуінен болатын бас ми инфаркті және қан қысымының жоғарылауы немесе мидың туа біткен (не жүре пайда болған) аномалиялары салдарынан тамырдың жарылуынан қан кету.

«Ишемиялық инсульт, яғни церебральды (бас ми) инфаркт кезінде симптомдар бірте-бірте дамиды: науқас қолы, аяғының жансыздануын, бетінің бұрмалануын сезінеді, сөйлеудің қиындауы орын алады. Сондықтан осы симптомдар басталған сәттен бастап, яғни алғашқы 4,5 сағатта науқасқа тромболитикалық терапия жүргізіледі, соның арқасанда тромб жойылып, науқастың толық қалпына келу мүмкіндігі жоғары болады. Егер мұндай ем уақытында жасалмаса, онда бір күннен кейін мида қайтымсыз өзгерістер мүгедектікке әкеледі», - деп атап өтті ол.

Пархат Тұрсынов алғашқы және қайталама профилактика, халықпен ағарту жұмыстары инсультпен күресудің тиімді медициналық әдістері деп баса айтты.

Инсульттің басты себептеріне артериялық гипертензия, ми тамырларының атеросклерозы, жүрек ырғағының бұзылуы, қант диабеті жатады. Сондықтан дәрігерлер емханада қан қысымы, глюкоза, холестерин өлшенетін скринингтік тексеруден, брахиоцефалиялық ультрадыбыстық зерттеуден (ақырында инсультке әкелуі мүмкін артериялық стенозды анықтау үшін) өтіп тұруға кеңес береді.

Инсультті болдырмау үшін дәрігер салауатты және физикалық белсенді өмір салтын жүргізуге, дұрыс тамақтануға, жаман әдеттерден арылуға және дәрігерлердің барлық ұсыныстарын орындауға кеңес береді.

«Инсульт қан айналымы жүйесі аурулары санатына кіреді. Бұл бақылануы тиіс ауру, яғни науқаста артериялық гипертензия болса, онда ол өмір бойы дәрі қабылдауы, скринингтен өтіп тұруы керек. Науқас өз денсаулығына өте мұқият қарауы керек, күнделікті қан қысымын өлшеп тұрған жөн. Бізде осындай ауруларға шалдыққан, дәрігердің барлық нұсқауын орындап, 80 жастан асып бірінші рет инсульт алған науқастар бар. Және артериялық гипертониямен ауыратын, дәрі қабылдамайтын, салауатты өмір салтын ұстанбайтын, дене салмағы жоғары, стресс болған жастар бар. Бұл өз кезегінде инсультке әкелуі мүмкін», - деді дәрігер.

Маман емханада тұрақты түрде қан айналымы жүйесі ауруларына арналған мектеп жұмыс істейтінін, онда дәрігерлер инсульт алған қауіп тобындағы науқастармен және олардың туыстарымен әңгімелесетінін атап өтті. Онда арнайы дайындалған медицина қызметкерлері адамның өмір сүру сапасы төмендеп кетпеуі үшін қалай өмір сүру керек екенін, дәріні қалай қабылдау керек екенін түсіндіреді.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир