Іс Қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынды
ҚР Қорғаныс министрлігі Маңғыстау облысындағы сарбаз өлімі дерегіне қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ақтау гарнизонындағы 25744 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісінің қайтыс болуына қатысты хабарлаймыз. Іс Қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынды. Оның тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Ш-Х. Жазықбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Қайғылы жағдайдың мән-жайлары жан-жақты тексеріліп, тергеу органдарына объективті тергеу жүргізу үшін толық көмек көрсетілу үстінде», - делінген министрлік хабарламасында.
Ведомство мәліметіне сәйкес, кінәлі тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады.
«ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің отбасы мен туыстарына қайғыра көңіл айтады. Сондай-ақ сарбаздың туыстары мен жақындарына жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлайды», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 7 қыркүйекте әскери полигондағы оқу-жаттығу кезінде лагерь кезекшісі – лейтенант ПМ 9 мм тапаншасынан рұқсат етілмеген оқ атқан. Бетінен жарақат алған сарбаз ауруханаға жетпей көз жұмған.
Оқи отырыңыз: Маңғыстау облысында сарбаз оқ жарақатынан қаза болды