|
28.06.2019 | 18:17
11068

Алматы жұртшылығы Бауыржан Байбекпен қимай қоштасты

Қаланы 4 жыл басқарған әкімнің атқарған шаруасы шаш етектен

Алматы жұртшылығы Бауыржан Байбекпен қимай қоштасты фото из открытых источников

Бүгінге дейін Алматы қаласының әкімі болып келген Бауыржан Байбектің атқарған шаруасы шаш етектен. Жаңа бағдарламалар ашылып, бұқараның басты мәселелері шетінен шешіліп келеді. Тіпті, өзге өңірлер бізден тәжірибе алып жатқаны да жасырын емес. Алматыны 4 жыл басқарған Бауыржан Байбек қалалықтардың жағдайын мейлінше жақсартуға тырысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алып шаһардағы бұқараны ең көп мазалайтын мәселе – баспана. Б.Байбек басқарған жылдары тұрғын үй салудан рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Республика бойынша ең бірінші болып «Бақытты отбасы» жобасын бастаған әкімдік бірер айдың ішінде керемет нәтиже көрсетіп, 97 жанұя баспанаға қол жеткізіпті. Әлі 200-ден астам өтініш иесінің құжаты банкте қарастырылуда. 15 миллион теңгенің үйін жылдық 2 пайызбен алуға мүмкінді беріліп отыр. Олардың алғашқы жарнасына әкімдік тарапы 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Мұндай ең тиімді шарттардың шарапатын көрген көпбалалы отбасылардың алғыстан басқа айтары жоқ.

«Төртінші баламды босанғанша 13 жыл пәтерде тұрдық. 50-60 мың теңге пәтерақы, одан қалды коммуналдық төлемді басқа біреуге беріп отырдық қой. Ал бұл жерде біз өз үйімізге төлейміз», – деді Мария СЫЗДЫҚОВА.

«Біз бұған дейін болмаған, тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жылдық 2 пайызбен алып отырмыз. Бастапқы жарнасын 10 пайызын көпбалалы отбасы ретінде толық төлей алмағандықтан, мемлекет 1 миллион теңге қарасты. 500 мыңды өзіміз құйдық. Бұл бағдарлама бізге жақсы мүмкіндік сыйлады», – дейді «Бақытты отбасы» иегері Бағлан ЖҰМАҚАНОВА.

«Бақытты отбасы» бағдарламасынан бөлек, дәл осындай атаумен арнайы қор да құрылған еді. Бүгінге дейін, «Бақытты отбасы – Алматы» қайырымдылық қоры қалада 2000-нан астам тұрмысы төмен және көпбалалы отбасына көмек көрсеткен. Жақында қор денсаулық жағдайын жақсартуға 4 отбасына 600 мың теңге көлемінде қаражат аударды. Сондай-ақ, азық түлікке, тұрмыс жағдайын жақсартуға сертификаттар беріледі. Оны рәсімдеуге бар болғаны 25 минут уақыт кетеді. Кейін арнайы кеңес құрылып, тиісті құжаттар жиналған соң, қаржылай көмек көрсетіледі дейді мамандар.

Алматы – жастар қаласы. Жас буын пәтер жағалап жүрмеуі үшін қала билігі 2017 жылы «Алматы-жастары» бағдарламасын іске қосқан. Оның аясында осы күнге дейін 240 шақты жанұя үйлі болды. Жастардың жеңілдетілген пайызбен несиеге баспана алуы үшін Алматы қаласының әкімдігі қазынадан 2017 жылы 1 миллиард теңге, ал былтыр 2 миллиард теңге қарастырған болатын. «Алматы жастарының» шарапатын келесі жылы да шаһардағы жас отбасылар көруі әбден мүмкін.

«Алматыда тұрып жатқан жастардың көбісі осы бағдарламаға қызықты. Көптеген өтініштер келіп түсті. Сол өтініштердің арқасында 2017 жылы 108 жас отбасы, 2018 жылы 130 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді», – дейді Алматы қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Жасұлан ДҮЙСЕКЕНОВ.

Бүгінде әлеуметтің әлеуетін жақсартумен қатар, қаланы тұрғындарға барынша ыңғайлы ету жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Әуелі, қоғамдық көліктер жаңарып, темір тұлпар тығынан қысқарту үшін БРТ желісі іске қосылды. Оның алғашқы бөлігі Алматы қаласында 2017 жылы Мустафин көшесінде пайда болған еді. Былтыр ұзындығы 5 шақырымды құрайтын жолақ Тимирязев көшесінде қолданысқа берілді. Ал биыл БРТ Жандосов көшесінде жасалады. Дәл осы жылдам рельсті көлік желісі іске қосылғалы, қоғамдық көлікпен жүретіндердің қатары 40 пайызға көбейген. Мәселен, былтыр БРТ жолағымен айына 6 млн жолаушы қатынаған болса, қазір бұл сан 10 млн-ға жетіп отыр. Мамандардың айтуынша, қазір дәл осы жолақпен қатынайтындар уақыттарын 15 минутқа дейін үнемдейтін көрінеді.  

«Жеке көлігімді сатып, жаңасын алғанша маған қоғамдық көлікпен жүру ыңғайлы. Себебі оның өз жолы бар, сондықтан уақытымен қатынайды», – деді қала тұрғындарының бірі.

Сондай-ақ келесі бір тұрғын бұрынғыға қарағанда БРТ-ның өте ыңғайлы екенін айтып, бұрын. жол кептелісінен жұмысқа кешіксе, қазір қоғамдық көлікпен дер кезінде жетуге болатынын айтып, ризашылық білдірді.

Алматының орталық көшелерін жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін қарқынды жүргізілуде. 2017 жылы қала билігі Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Төлебаев, Байсейітова көшелері мен «Астана» алаңын жаңартса, былтыр, Абай, Абылай хан, Достық, Назарбаев, Желтоқсан көшелері және «Алматы 2» вокзал алаңы және Республика сарайының алдын қайта жөндеуден өткізді. Ал биыл Жібек Жолы, Достық және Байсейітова көшелері қайта жөндеуден өтеді. Урбанистер ескі көшелердің жаңа кейіпке енетін  жобасын  пысықтап қойған. Онда барлық жолдың бойы тұрғындардың жаяу жүруіне ыңғайлы болады әрі көлік қозғалысы мен темір тұлпар тұрағы едәуір қысқарады.

Мәселен, Жібек жолы көшесінің осы жолғы өзгерісі Желтоқсан көшесі мен Сейфуллин даңғылы аралағын қамтымақ. Онда жүргінші жолы артып, ағаш орындықтар қойылып, айналаның бәрі жасыл желекке оранады. Субұрқақтар саны да артып, жарықшамдар орнатылады.

«Қазір жаңғыртылған көшелерді көріп жүрмін. Көңіл күйің көтеріліп, жермен емес, кәдімгідей ұшып келе жатқандай сезінесің өзіңді», – дейді қала тұрғыны қала жайлы әсерімен бөлісіп.

Көлік тығынын азайту үшін Алматыда Рысқұлов даңғылы мен Құлжа күрежолы қиылысындағы жолайрықтың екінші бөлігі шілде айында іске қосылады. Осы арқылы учаскенің жүргізушілерді өткізу қабілеті орта есеппен 15 пайызға артпақ. Ал қаланың батыс бағытына қарай эстакада бойымен жүретін көлік қозғалысы мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Әзірге Рысқұлов даңғылы мен Құлжа күре жолы қиылысындағы жаңа екі деңгейлі жолайрығы қазір қаланың батыс бағытына қарай ашылды. Енді осы маңдағы «Қайрат» және «Атырау» шағын ауданы мен облыс тұрғындарының қалаға қатынауына ыңғайлы болады.

«Ашылғалы бері осы үлкен трассада көлік тығыны азайды. Көліктер еркін қатынайды. Әрі қарай тік өтіп кеткенге,  Әл-Фарабиға шыққанға да жақсы», – дейді жеке көлік иесі.

«Бұрын кептелістен қорқып 10 минут ерте шығып кетуші едік. Қазір уақытында шығамыз. Барар жерімізге 5 минут ерте жетеміз», – дейді келесі бір тұрғын.

Айта кету керек Алматыда соңғы үш жылда 1500 аула абаттандырылған. Сөйтіп, қаланың 700 мың тұрғыны ажары енген аулаға қол жеткізді. Енді жыл соңына дейін тағы 600-ден астам аула жаңартылатын болады.

«Мен өзім осындай аулада өстім, алға қойған міндетім – қарапайым жандарға жақсы жағдай жасау. Екі жыл ішінде біз адамдар еркін сейілдеп, балалардың сыртта ойнауына жайлы жағдай туғызу үшін Алматының барлық аулаларын 100% жөндейміз. Сонда ғана әр адам «менің аулам», «менің қалам» деп сезінетін болады. «Қала адамдар үшін» концепциясының басты мәні осында», – деді Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Осылайша,  жыл сайын әсемдене түскен Алматыға қарай ағылатын туристердің де  саны арта түсті. Қазақстанға аяқ басқан әрбір екінші шетелдік турист Алматы қаласына келеді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, алып шаһарға 1 миллионнан астам адам қонақ болған. Олардың 365 мыңы шетелдік турист. Алма шаһарын аралап, мұндағы сұлулық өз көзімен көруге әсіресе Ресей, Қырғыз, Қытай,  Үндістан және Түркия елінің азаматтары ынтық екен. Саяхатшылар арасында әсіресе Шымбұлақ тау-шаңғы шатқалы танымал. Былтырғы маусымда онда 405 мыңнан астам адам барған. Сондай-ақ, туристер көп баратын тізімге Көктебе саябағы мен Үлкен Алматы көлі де кіреді.

«Мен Алматыға бірінші рет келдім. Таудың сұлулығына көзім тоймай тұр. Ауасы таза, табиғаты қандай тамаша! Өзім – Үндістанның еңбек сіңірген сәулетшісімін. Маман ретінде қаланың сәулетіне ерекше назар аудардым. Қала өте жайлы, көрікті екен», – дейді үндістандық турист.

«Алматыға келген бетім осы, бірден тауды тамашалауға шықтым. Өте керемет екен. Бізде мұндай сұлулық жоқ. Өзім Аргентинадан келдім. Қалада әлі 9 күн боламын. Тағы біраз жерді аралаймын», – дейді келесі бір қала қонағы.

«Мәскеу тұрғынымын, Алматыға 18 мамырда келіп, қаланы армансыз араладым. Адамдары мейірімді екен, ал баға бізден 2-3 есе арзан. Ең таң қалғаным, тыныштық. Мәскеуден тыныштық таппайсың. Тауға шығу үшін 3-4 сағат жүресің. Ал мұнда 20 минуттан соң табиғаттың тыныштығына енесің», – дейді мәскеулік турист.

Бұл – Алматының бүгіннен бастап экс-әкіміне айналған Бауыржан Байбектің атқарған жұмысының бір парасы ғана. Бұдан бөлек, салынған әлеуметтік нысандар мен қайта жөндеуден өткен ғимараттың саны жүзден асып жығылады. Мұның сыртында айлығы шайлығына жетпейтін жандарға көрсетіліп жатқан көмек те жоқ емес. Тіпті, коммуналдық шығынның бір бөлігін де өтеп келеді. Осы уақытқа дейін 2200-ден аса отбасыға 40 миллион теңге шамасында тұрғын үй көмегі төленген. Әлеуметтік жұмыстардың басым бөлігі «Алматы-2020» даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.  

Әйкерім Ердәулетқызы, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

MAQALADA

экс-аким
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир