Батырхан Шүкенов туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді

фото из открытых источников
фото из открытых источников
11 дисктің екеуінде – концерттік жазбалар, 9 альбомда әншінің әндері топтасқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Батырхан Шүкеновтың өнеріне табынушылар үшін айтарлықтай жаңалық орын алды. Бүгін Алматыда әншінің өмірі туралы деректі фильмнің тұсауы кесіліп, екі жаңа альбомы жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл әншінің мұрасы ғана емес, оны өзге қырынан тану дейді шараны ұйымдастырушылар.

«Күз» атты жинағы музыка сыншыларының сүзгісінен өтіп, тиісті бағасын алыпта үлгерді. Барлығы оның қайталанбас өз стилі бар екеніне тағы да көзіміз жетті дейді.

Екі ай бойғы қажырлы еңбектің жемісі – Батыр туралы деректі фильмді дайындау үшін авторлар түрлі элементтерді жинап, толық дүние жасап шықты. Туыстарынан, достарынан сұхбат алған олар тіпті орындаушы әндерінің басқа нұсқалары да табылғанын қуана жеткізді. Осының барлығы музыкант әлемін өзге қырынан көрсететіндей.

«Ол не істерін білмей, дағдарып қалған бір сәтінде мен оған «Отан Ана» әнін ұсындым. Оның басты мақсаты Отанға бас иіп, тағзым көрсету еді», – дейді композитор Қуат Шілдебаев фильмде әнші жайлы айтқан естелігінде. 

Фильмнен Батырдың өзіне танымалдылық алып келген «А-Студио» тобынан кету оңайға соқпағанын байқауға болады. Осы жолда әншінің қандай кедергілерге кездесіп, олардың шешімін қалай тапқанын да деректі фильм айқын көрсетеді.

«Біз танымал адамдарға қарап, олардың жұлдызды белесін көреміз. Бірақ Батыр өзін олай есептемейтін. Мен оның жақсы музыкант қана емес, керемет бала, іні, аға екенін білдім. Батыр жайлы осы бір фильмді қарап отырып, өмірде бар жағынан толыққанды дамыған, кемел адамдардың барын түсінесің», – дейді «Батыр: наследие» деректі фильмінің авторы Тимур БАЛЫМБЕТОВ.

Жанкүйерлер үшін тағы бір сыйлық: Батыр өнерінің толық антологиясы – 11 дисктен тұратын коллекциялық ән жинағы шықты. Екеуінде – әншінің концертінен алынған жазбалары, қалған 9 альбомда орындаушының сапалы әндері топтастырылған.

«Осы жұмыстардың барлығы тыңдармандарға естелік болып қалары сөзсіз. Бұл –  өте сирек кездесетін жинақ. Альбом қазақ және орыс тілдерінде әзірленген. Мен онымен жақын аралассам да, барлық әнін білмейді екенмін. Міне бүгін жинақты сыйға тартты. Енді Батырдың әндерін тыңдап, ләззат аламын», – деді  композитор Қуат ШІЛДЕБАЕВ.

Коллекциялық жинақта біз білмейтін «Нас исцеляет любовь» және «Осень» атты екі альбомы бар. Екінші жинағындағы кейбір әндерге орындаушы бейнебаян түсірмек болған екен. Бірақ кенеттен келген ажал оның бұл жоспарының күлін көкке ұшырды.  

«Альбом негізі дайын болған еді. Кейбір трэктер демо нұсқада орындалған. Толық өңделмеген әндер десек болады. Батыр қайтқаннан кейін, бұл нұсқаларын толықтырдық», – дейді Батырхан ШҮКЕНОВТЫҢ директоры Руслан МАГОМЕДОВ.

«Күз» жинағы 8 композициядан тұрады. Достары мен музыкалық сыншылар оның философиялық мәнге ие екенін айтуда. Әр тыңдарман әндерден өзіне керек дүниені ала алады.

«Менің ойымша, альбом лирикалықтан гөрі философиялық мағынаға ие. Баянсыз, жауапсыз махаббат туралы әндер – оның өнерінің негізгі бағыты. Ал «Нас исцеляет любовь» жинағында алматылық әндер көбірек», – дейді әншінің немере қарындасы Наргиз ШҮКЕНОВА.

Жинақтардың барлығын музыкалық дүкендердің сөресінен табуға болады. Ал деректі фильмді авторлар ютуб желісіне жүктеген. Батырдың жақындары әншінің жаңа туындыларымен жұмыс істейміз деп отыр. Себебі мұрағатта орындаушының жарыққа шықпаған әндері әлі де жетерлік.

Азамат Әуезхан, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров