Жеңіс күні: Алматыда тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді

03.05.2023 в 22:29

Іс-шарада соғыс тақырыбындағы әндер шырқалды

Алматыда тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді. Ұлттық ұлан оңтүстік өңірлік қолбасшылығының қызметкерлері мен сарбаздары оларды «Шаңырақ» әлеуметтік орталығына арнайы құттықтап барып, сыйлығын тарту етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Жеңіс күні қарсаңында өткен іс-шарада соғыс тақырыбындағы әндер шырқалды.

«Бүгін ұжыммен бірге «Генерал» деген топ келді. Ол топ осыдан 9 жыл бұрын Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлының бастамасымен құрылған еді», – деді Ұлттық ұлан оңтүстік өңірлік қолбасшылығының басқарма бастығы Арман Сейітов.

Бүгінде қаладағы «Шаңырақ» әлеуметтік орталығында 273 егде жастағы қария тұрады. Олардың арасында 89 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Ал 27 қария – тыл майдангері. Басқарма басшысының айтуынша, жеңістің 78 жыл толуына арналған биылғы мерекеде олардың ешқайсысы ескерусіз қалмайды.

«Әр күніміз бүгінгідей мерекеге ұлассын. Балаларымыздың ұйқысы тыныш болсын. Біз көрген қиындықты, бейнетімізді кейінгі ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Мерекеден мерекеге аман жетейік», – деді тыл ардагері Валентина Ершова.