Мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мекемеге шағым айтып, арнамызға сұхбат берген
Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қонаев қаласындағы ерекше балаларға арналған орталыққа мониторинг жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Араға апта салып аталған орталыққа келген ата-аналар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірге мекеме ішін қарап шықты. Қауіпсіздік шаралары сақталмаған орталықта төсек-жабдықтардың таза еместігі мен тамақ порциясының аздығы да көптің көңілінен шықпаған.
– «Бәрін реттейміз» деген, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. ДЦП, арбада отырған балаларды алмайтынын айтты. «Балаларды аутист, сал, Дауна деп бөлмей, жалпы орталық ашып берсе» деп айтқанбыз. Ешкім тыңдамайды, – деді ата-ана Назым Болатова.
Қаладан қашық орналасқан қызмет көрсету орталығындағы бірқатар олқылықты, мониторингтік топ та растап отыр. Мекемені қарау барысында, орталықтың жекеменшік иелігіндегі демалыс орталығында орналасқаны да сұрақ туғызды. Алайда басшысы нысанды жалға алып отырғанын, және әзірге басқа балама орынның жоқтығын айтып ақталды.
– Жұмыспен қамту орталығының жолдамасы, дайын құжатпен бірге келеді. Мен тек балаларды қабылдап аламын, – деді «Күндіз болу орталығы» КММ директоры Римма Күлбаева.
Ал мекемені назарға алған құзырлы орган өкілдері ата-аналар арызының орынды екенін алға тартты. Сонымен қатар ерекше балаларға қызмет көрсету орталығының да маңызды нысан екенін ескерген жөн.
– Әлеуметтік желілерді сараптама жасау барысында «Алматы» телеарнасының жаңалықтарынан көріп, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында ата-аналардың шағымы негізінде әлеуметтік объектіге мониторинг жүргізілді. Әлеуметтік нысанда бірқатар кемшілік анықталды. Алматы облысының әкімдігі, және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне арнайы хат жолданды. Қонаев қаласынан сыртта тұрған орталыққа жетудің өзі біраз уақытты алады екен. Сондай-ақ объектіде бейнебақылау жоқ, – деді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі волонтерлік қозғалысының өкілі Бауыржан Исабаев.
Үш ай бұрын ашылған орталықта қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Оны мемлекеттік мекеменің директоры да растады. Ал құзырлы орган өкілдері «жауапты мамандар тарапынан қателік кетсе, тиісті жазаға тартылады» дейді.
Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын мүгедектігі бар балалардың ата-аналары дәл осы мекемеге шағым айтып, арнамызға сұхбат берген еді.
Әлібек Шынтемір Медет Саматұлы, «Алматы» теларанасы