Қонаев қаласындағы балалар орталығының қызметіне ата-аналар шағым айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Ерекше балаларға қызмет көрсетін орталықта 25-ке жуық бала бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының Қонаев қаласында ерекше күтімді қажет ететін балалар орталығының қызметіне ата-аналар наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мүгедектігі бар балалардың ата-анасы арнаулы қызмет көрсету орталығының қаладан тым алыс екенін айтты. Баласын апарып-алып келгенше біраз уақыт кетеді екен.      

– Өзім жұмыс істемеймін. Мүгедек балама күтіп жасап отырмын. Оны балабақшаға алмайды, тек үйде отырамыз. Бұл жерде логопед те, дефектолог та жоқ, – дейді ата-ана Гүлнара Попова.

– Бір ата-ана өзі түсірген суреттерді жіберді. Сол суреттерді көріп шошыдым. Баламның не жеп жатқаны белгісіз, тамақ етсіз жасалған. Баланың денесі көгеріп келеді. Құлап қалды ма, біреу ұрды ма, ол жағын білмейміз. Балалар сөйлей алмайды, – дейді тағы бір ата-ана Фарида Оңалбаева.

Ата-аналар шағым айтқан ерекше балаларға қызмет көрсетін орталықта 25-ке жуық бала бар. Ал осы орталықта қызмет еткен кейбір азамат артық тапсырма берілгенін айтты. Сондай-ақ лас төсек жабдықтарын үйіне апарып, жуып келген көрінеді.  

– Бір ай жұмыс істедім. Сол бір айдың ішінде көп заң бұзылды. Балалардың төсек орнын бір айда бір-ақ рет ауыстырды. Тамақ өте аз мөлшерде берілді, – деді ата-ана Қарлығаш Аманғалиева.

Ата-аналардың айтуынша, демеушілер әкелген кей заттар мүмкіндігі шектеулі балаларға берілмеуі мүмкін. Мекеме басшысы аталған орталықтың ашылғанына 2 ай болғаныны атап өтті. 1 маусымнан бері 25-ке жуық бала қабылданған. 60 балаға арналған орынға қатысты айтылған шағыммен директор келіспейтінін жеткізді.

– Төсек жабдықтарын жұма сайын өткізіп кетеміз. Орталықта логопед те, дефектолог та бар, – деді  «Күндіз болу орталығы» КММ директоры Римма Күлбаева.

– Егер қызметтік тексеру барысында ата-аналар айтқан кемшіліктер анықталса, жауапты мамандарға тәртіптік жаза қолданылады. Барлық кемшілік түзеледі, – деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Айсұлу Ботаева.

Қазір мекеме жұмыс істеп тұр. Басшылық өкілдері «қауіпсіздікке қатысты қағидаларды қарастырып, камера орнатамыз» дейді. Ал орталықтың қашықта орналасуы жоққа шығармаған директор қаладан орын табылса көшіп баратынын жеткізді.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» теларанасы

Оқи отырыңыз: Елімізде жаңа оқу жылына неше мектеп дайын емес

Новости партнеров