|
26.07.2021 | 17:29
1395

Нұр-Сұлтанда академик Кенжеғали Сағадиевке ескерткіш бюст орнатылды

Ескерткіш С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аумағында, биотехнологиялық ғимараттың алдына қойылды

Нұр-Сұлтанда академик Кенжеғали Сағадиевке ескерткіш бюст орнатылды almaty.tv

Нұр-Сұлтанда академик Кенжеғали Сағадиевке ескерткіш бюст орнатылды. Ескерткіш С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аумағында, биотехнологиялық ғимараттың алдына қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің бұл білім ордасының дамуына қосқан зор үлесін ескере отырып, ғылыми кеңес бір ауыздан университеттің биологиялық ғимаратын «Академик Кенжеғали Сағадиев атындағы биотехнологиялық ғимарат» деп атау туралы шешім қабылдаған.

«Біздің жаңа экономикалық қарым-қатынас, жаңа экономикалық жүйені қалыптастыруда ең қиын кезеңде Елбасының жанында жүріп біздің тәуелсіз мемлекетіміз жаңа құрылысқа жүріп жатқан кезде соған нақты-нақты ұсыныстар беріп, жобалар жасаған. Тура 1 жыл толды бұл кісінің қайтқанына. Соған байланысты өзі еңбек еткен осынау жоғарғы оқу орнында сол кісінің бейнесін есте сақтау бағытында ескерткіш бюст орнатылып жатыр», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.

Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев Қазақстанның 5 ірі жоғары оқу орнын басқарды. Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды. Төраға ретінде академик Сағадиев еліміздің мемлекеттік бюджетін жоспарлау әдіснамасын дамытуға елеулі үлес қосты. Оның қызметінде адам капиталын дамыту және нығайту үшін маңызды сала ретінде білім және ғылым саласы елеулі орын алды. Өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып 445-тен астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 20 монография мен оқулықтың авторы атанған.

«Халыққа, елге рақмет айтамын. Мынау ұжымға рақмет айтамын. Кенжекеңнің жұмысына өмірде кірісіп көргем жоқ. Көп нәрсені біле бермеймін. Бірақ ол кісі қайтыс болғаннан кейін осыны шақырып, осылай жасаймыз дегеннен кейін осы жандарға рақмет айтамын. Ол кісінің кітаптарын шығардым. Қазір көрсетемін. Содан кейін өзім бір кітап жазып шығардым. Біз туралы бір поэма бар, соны шығарды балалар», – деді Кенжеғали Сағадиевтің жары Нағытай Әбітайқызы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир