Бүгінге дейін Жылыой ауданында ойсыл қара төлінің 17 басы өлген. Кешкісін жайылымнан келген мал таңертең сеспей қатқан. Алғашында малдың қырылуы Ақкиізтоғай ауылында тіркеліпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір ол аумақтағы жағдай тұрақталғанымен, Құлсары қаласы маңындағы Жадырасын жайлауында да мал өлімі болған. Мал дәрігерлері жануарлар жұқпалы аурулардан өлген жоқ деген сенімде. Шөп те, су да таза дейді. Алынған сынамалардан ешқандай өзгеріс анықталмаған. Ал, малшылар түйелердің өлімі шөптен болуы мүмкін дегенді айтады.
«Ақкиізтоғай ауданында – 11 бас, Құлсары қаласында – 6 бас, жалпы барлығы 17 түйе өлген. Алдын алу жұмыстарын жасап жатырмыз. Шөптен, судан, өлген малдан сынама алып, жұқпалы ауруларға тексерсін деп, Атыраудағы облыстық ветеринарлық зертханаға сараптамаға жібердік», – деді Атырау облысы жылыой аудандық ветеринарлық стансасының директоры Нұрболат ЖЕКСЕНҰЛЫ.
Айта кетейін, Жылыой ауданында 8 мыңнан астам бас ойсылқара тұқымы бар. Оның 900-ге жуығына малшылардың өз есебінен екпе жасалған.