Қызылордада газ құю бекетінде жарылыс болды

Қызылордада газ құю бекетінде жарылыс болды
Жарылыс салдарынан 15 жастағы бозбаланың аяқ-қолын күйік шалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің мәлімдеуінше, газ құю стансасында автобус багын толтырмақ болған. Сол сәтте көгілдір отын ауаға тарап, артынша от тұтанған. Салдарынан 15 жастағы бала зардап шекті деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Анықталғаны, жарылыстан зардап шеккен бозбала оқиға орнына тұрмыстық баллонды толтырып алу үшін барған. Бірақ бірден балонын толтырып алмай, газ кезегін күтуге тура келген. Сол сәтте автобустан көгілдір отын ауаға тарап, жарылыс болған. Негізінен, ондай стансаларда тұрмыстық баллонды толтыруға тыйым салынған. Алайда тұрғын да, станса иесі де мұны ескермеген.

«Қарап отырсақ, төтенше оқиғаға қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болып отыр. Жарылыс салдарынан, беті мен қолдарын күйік шалған 15 жастағы бозбала бірден ауруханаға жеткізілді», – дейді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир БЕККЕР.

Комитет төрағасы газ құю стансаларына деген сұраныс күн санап артып жатқанын айтады. Алайда, олардың жұмысын реттеу қиынға соғуда. Қолданыстағы заңнама қауқарсыз дейді ол.  

«Біз жаңадан ашылған стансаны 3 жылдан кейін ғана тексере аламыз. Оған дейін қанжа жерден кемшілігі көзге ұрып тұрса да, ол жерлерге бас сұғуға хақымыз жоқ. Ал 3 жыл өткен соң иесі ауысып кетсе, тексеру тағы да 3 жылға шегеріледі. Нысан иелері тексеруден осылайша бой тасалап жүреді. Осы жағдайдан кейін біз еліміздің Бас прокуратурасына ұсыныс жасадық. Көлікке газ құю стансаларын жоспардан тыс тексеруге рұқсат берілуі керек», – деді Владимир БЕККЕР.

Новости партнеров