Былтыр пандемияға қарамастан Солтүстік Тянь-Шань таулары етегіндегі көгілдір маржанды 83 мыңнан аса адам тамашалаған. Теңіз деңгейінен үш мың метр биіктіктегі ғажайып мекен шетелдік туристердің арасында да танымалдыққа ие болып келеді. Бұл жөнінде табиғат аясындағы сапарға барып қайтқан Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай зерттеу жасады.
Соңғы бес жылда Көлсайға келетін туристтердің саны 5 есеге артқан. Осы уақыт ішінде бұл маң да айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Мәселен, заманауи үлгідегі қайықтар әкелініп, демалыс орындары ұйымдастырылған. Сондай-ақ, жақын арада мұнда интернет желісін тарту да жоспарда бар.
Төменгі, Ортаңғы және Жоғарғы Көлсай мен Қайыңды көлдері Алматыдан шамамен 300 шақырым жерде. Бүгінде Ұлттық паркте экотуризм саласы қарқынды түрде дамып келеді. Онда жаңа туристік маршруттар мен визит-орталықтар, эко-қонақ үйлер мен этноауылдар салынып жатыр. Сондай-ақ, медпункт құрылысына, кемпинг, глэмпинг, тамақтану пунктін орнату үшін учаскелер берілмек. Қазір көлдердің маңында 270-ке жуық киіз үй тігілген.
«Қазіргі таңда туристердің 70 пайызы Көлсайға келіп жатыр. Жол жақсы болғандықтан. Алдағы уақытта облыстан ақша бөлінсе, ЖСҚ Қайыңдыға жол жасалады дейді. Қайыңдыға жол жасалса адам саны 150 мыңға жетеді деп жоспарлап отырмыз», − деді «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Республикалық ММ Бөлім басшысы Сағыныш Әзімов.
Көлсай мен Қайыңдыға жол тартқан туристер негізінен 2 мекеннің ортасында орналасқан Саты ауылына тоқтайтыны анық. Әу баста негізгі табыс көзі мал шаруашылығы болған ауыл тұрғындары қазір мал өсіруден гөрі қонақ күтуге бет бұрған. Бүгінде аймақта туристерді қабылдауға арналған қарапайым жер үйден ашылған 81 қонақ үй бар. Әр үйде 10-15 адамға арналған төсек пен 3 мезгіл тамақ беріледі.
«EXPO-2017 Астанада өткен үлкен шара кезінде біздің осы Көлсай көлдері мен Қайыңды көлдеріне шет мемлекеттерден көп турист келіп жатты. Әрбір ауыл тұрғыны осы Көлсай көлдерінің арқасында демалушыларды күтіп, ас мәзірін дайындап, барынша мүмкіндік жасауға тырысып жатыр», − деді Саты ауылының тұрғыны Гүлзия Сәрсенбаева.
Әйелдер жағы қонақ күтсе, ер адамдар туристерді Қайыңды көліне тасумен айналысады. Себебі бұл туристік аймақтарға баратын жол жоқ. Сондықтан сатылықтар көлге өздігінше маршрут жасап, жол талғамайтын УАЗ көлігімен жолаушы апарады. Ауылда жалпы 80-дей ресейлік УАЗ автокөлігі бар.
«Осы УАЗ автокөлігімен 8-9 адамдай тасимын. Адам басына бізде 2 мыңнан болады. Мысалы, жеңіл көліктер бара алмайды ол жерге. Тек қана внедорожник дейміз ғой жол талғамайтын, сондай көліктер бара алады. Асты биік болса, баруға ыңғайлы болады. Ал, төмен жеңіл көліктер жете алмайды ол жерге», − деді көлік жүргізіп, табыс тауып жүрген Саты ауылының тұрғыны Думан Қайыпбай.
«Ұлттық паркте 2025 жылға дейінгі экотуризмді дамыту жобасы қолға алынған. Тұжырымдама табиғаттың ерекше келбетін бұзбау қағидасына сүйенеді. Бұл көлдерге жақын маңда бірде-бір нысан салынбайды деген сөз. Жоба авторларының болжамы бойынша туристер ағыны артып, жұмыс орны көбейіп, ұлттық парктің жылдық табысы 5 есеге дейін өспек», − деп арна тілшісі Сымбат Ноғай зерттеу жұмысын қорытындылады.