6 миллион айыппұлмен құтылған Э.Суханбердиева енді ұстаз не кәсіпкер болуы мүмкін

6 миллион айыппұлмен құтылған Э.Суханбердиева енді ұстаз не кәсіпкер болуы мүмкін
Экс вице-министр қамауда болған 34 күн ішінде кітап жазып тастаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары жазасын айыппұлмен өтейтін болды. Сот Эльмира Суханбердиеваны кінәлі деп танып, оған 6 миллион теңге көлемінде айыппұл тағайындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұдан бөлек, экс-вице-министр енді өмір бойы мемлекеттік қызметте істей алмайды. Ол тіпті мемлекеттік марапаттарынан да айрылуы мүмкін.

Еңбек жолын тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған Эльмира Суханбердиева елордадағы білім басқармасына дейін жетті. Арасында ол декреттік демалысқа шығып, «Болашақ» бағдарламасымен Америкада да оқып келген. Сол кезде оқуға түсуіне қатысты дау-дамай шыққанымен, шенеунік ешқандай заңбұзушылық болмағанын айтып ақталған. Бұл жолы да атышулы шенеунік сытылып шықты деуге болады. Айыппұлмен құтылып кетті. Оған қатысты тергеу рекордтық қысқа мерзімде жүргізілді. 6 маусымда ғана ұсталған экс-вице-министрге қатысты сот үкімі бүгін шықты.  

«Сот Суханбердиева Эльмира Амангелдіқызын қылмыстық кодекстің 361-бабының 3-бөлімі, 364-баптың 3-бөлімі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 2500 АЕК көлемінде, яғни 6 312 500 теңге айыппұл тағайындады. Алайда, оның 3 маусымнан 10 шілдеге дейін қамауда болғаны ескеріле отырып, 5 948 900 теңге төлеуге міндеттеледі. Бұдан бөлек, өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, мемлекеттік органдарда, ұлттық холдингтер мен ұлттық даму институттарында жұмыс істеу құқығынан айырылады», – деді Нұр-Сұлтан қаласы № 2 Есіл аудандық сотының судьясы Бақытжан ЕСЕНОВ.

Сот Қазақстан Президентіне Эльмира Суханбердиеваны мемлекеттік марапатынан айыру туралы ұсыныс енгізуді шешті. Атап өту керек, экс-вице-министр 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған болатын. Сот үкімі оқылғаннан кейін Эльмира Суханбердиева қарауылдан босатылып, қорғаушысының жанына жайғасты. Іс материалдары бойынша Элмира Суханбердиева өзінің жақын құрбысы – № 3 мектеп-гимназиясының директоры Шеверняеваға жақтаушылық көрсеткен. Бұдан бөлек, Суханбердиева құрбысымен жалған тұлғалар арқылы жекеменшік мектеп басқарған. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзінің әпкесіне және Шеверняеваның анасына рәсімделіпті. Журналистермен тілдескен бұрынғы вице-министр туыс- тумаларының мектепті шынымен де басқарғысы келгенін мойындады.    

«Жаңағы кәсіпкерлік жұмыс туралы айтайын дегенім, ол әлі басталған жоқ. Туған-туысқандарым қыркүйек айында бастайды деді. Бірақ енді сот мұны заңсыз деп тапқандықтан, мен мойындадым», –  деді Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА.

Суханбердиеваға қатысты істің тағы бір эпизоды оның түрлі ведомстволық бағынышты ұйымдардың жетекшілерін айфон, планшет пен айпадтарды сатып алуға мәжбүрлегенін айтады. Бұл құрылғыларды экс вице-министр 1 маусым, яғни Халықаралық балалар күніне орай аз қамтылған отбасылардың балаларына, жетімдерге сыйламақ болыпты. Осылайша ол өзінің қызметтік өкілеттігін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланған. Журналистермен сөйлескен Эльмира Суханбердиева балалар сол сыйлықтарын алса екен дегенді жеткізді. Сұхбат барысында экс-вице-министр көзіне үйірілген жасын әзер жасырды.      

«Ал енді 1 маусымда балаларға сыйлық табыстауда мен өзімнің қызметімді асыра пайдаландым, оны мойындаймын. Ондағы мақсат – жан-жақтан келген 41 бала министрліктен жай ғана кітаппен кетпесін деген ой еді.  Біреуі үш қарындасын оттан алып шыққан, екіншісі екі жасар баланы құдықтан алып шыққан екі бала «апай, арманым – ұялы телефон еді» деді. Соларға сыйлық жасағым келді. Және ол үшін қазына қаражатынан бір тиын алынған жоқ», – деді ол.  

Бұдан бөлек, Эльмира Суханбердиева қамауда болған 34 күнде өзінің кітап жазып тастағанын айтты. «Түрме вице-министрдің көзімен» деп аталатын кітап жуық арада жарыққа шықпақ. Онда тек өзінің өмірбаяны ғана емес, темір тордың ар жағына тоғытылған нәзік жандылардың тағдыры, жалпы мәселелер жазылған. Ал журналистердің «енді қай салада жұмыс істеуге ниеттісіз» деген сауалына бұрынғы вице-министр кәсіпкерлікпен немесе ұстаздықпен айналысуға болатынын жеткізді.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров