Биыл Қазақстанға 1,5 тоннаға жуық гүл әкелінген. Мереке күндері оған деген сұраныс күрт артып, бағасы шарықтап кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында гүл сататын дүкендер халыққа лық толы. Флористер құдды бір гүл шоғын жинаудан марафонға түскендей, сатып алушылардың тапсырысын орындауға қызу кіріскен. Ал біліктілері оны бар болғаны 7 минутта жинай алады екен. Дамира Айтымбетова пандемиядан соң халықтың гүлге деген сұранысы азайғанын айтады. Егер бұрын ол кемінде 300 раушаннан тұратын гүл шоғын жинаса, қазір мұндай аста-төкті кездестіру қиын. Мәселен, Астанада 11 қызғалдақ гүл шоғының бағасы – 9 мың теңге. Мереке қарсаңында оның құны өсіп кеткеніне қарамастан флористер күні-түні қызу жұмыс істеп жатыр.
«Қазір баға өсіп кетті. Себебі Голландияда көптеген алқаптар жабылып қалған. Оған қоса, қазір тапсырыс бұрынғыдай көп емес. Бұрын гүл композацияларын керемет етіп жинайтын едік. Бүгінде орташа гүл шоғы – 25-51 қызғалдақ», – деді флорист Дамира Айтымбетова.
8 наурызда көпшілік қызғалдақ гүлін таңдайды. Ал мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қалған уақытта раушан гүлі сұраныста. Биыл елге құны 6 миллион доллар тұратын раушан әкелінген. Екінші орында хризантемалар болса, одан кейін қалампырды көп сұрайды. Қазақстанда өсірілген гүлдер де шетелде кең сұранысқа ие.
«Біздің де отандық раушан гүлдері экспортқа жіберіліп жатыр. Олар Өзбекстан елінде үлкен сұранысқа ие. Өткен жылдың статистикасына көз жүгіртсек, Қазақстан бұл елге 25 тонна раушан гүлін экспорттапты», – деді Мемлекеттік кірістер комитеті басшысының орынбасары Айнұр Сартаева
Айта кетейік, өткен жылы саудагерлер елге құны 46,5 миллион АҚШ долларын құрайтын 6,5 тонна гүл әкелген. Ал биыл Қазақстан базарларында 24,5 миллионнан аса гүл сатылған.
Жадыра Омаржан, Даля Насипова, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы