Маңғыстауда полицейлер түрмедегі сәбиге сыйлық жасады

01.06.2020 01:20

Мамандар баласымен бірге уақытша қамау орнына түсетін аналар көбейгенін айтады

polisia.kz

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында Маңғыстауда полиция қызметкерлері анасымен бірге уақытша қамау изоляторында жатқан кішкентай Анисаға сыйлық жасады, деп хабарлайды Almaty.tv  Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Сәбидің анасы жақында сотталған екен. Енді ол түрмеден шыққанша, Анисаны әжесі өз қарауына алмақ.

«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, баласы үш жасқа толмаған жас аналар тергеу изоляторында баласымен бірге жата алады. Ал Халықаралық балалар күніне орай Маңғыстау облысы қылмыстық атқару жүйесінің уақытша тергеу изоляторының қызметкерлері Аниса есімді балаға жаңа ойыншық сыйлады. Оның анасы жуырда сотталған, енді баланы әжесі алып кетеді. Ал анасы жазасын өтеу үшін әйелдерге арналған колонияға қамалады», - делінген Маңғыстау облысының Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тергеу изоляторының мамандары баласымен бірге уақытша қамау орнына түсетін аналар көбейгенін айтады. Тіпті, кейде жүкті әйелдер де уақытша қамау изоляторына түсіп жатады. Ал әйелдің толғағы келсе, дереу перзентханаға жеткізіледі. Бірақ босанып келген соң нәрестесімен бірге тергеу изоляторына оралуға мәжбүр болады.

Қазақстан Республикасындағы заң жас аналарды қамауда да баласынан ажыратпауға рұқсат береді, сондықтан босанып келген әйел мен сәби үшін қамау изоляторында басқаша жағдай жасалады. Баланы дәрігерлер тексеріп, анасымен серуендеуіне рұқсат. Сондай-ақ қамауда отырған анасы баласына қажетті құжаттардың барлығын еркін рәсімдей алады.