Қазақстанда білікті ұшқыштар тапшы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде қазір авиация саласында қызмет ететіндер саны 20 мыңның айналасында екен. Көрсеткіш өте аз. «Жыл сайын кадр тапшылығы 500-600 мың маманға жетіп отыр» деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі. Марат Қарабаев сұраныс алдағы 2 жылда өсетінін жеткізді. Айтуынша, білікті мамандарды оқытып шығаруға жалғыз жоғары оқу орны да қауқарсыз. Олқылықтың орнын толтыру үшін авиакәсіпорындар керекті мамандарды өз бетінше оқытуды қолға алыпты.
– Кадр тапшылығы мәселесін шешу және студенттеріміздің сұраныс деңгейін арттыру үшін Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Еуропалық стандарттарға көшу арқылы азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін түбегейлі реформалау, сондай-ақ оқыту процесін ИКАО-ның озық стандарттарына сәйкес келтіру мәселесін пысықтаудамыз, – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
Авиация саласындағы сын көтермей тұрған тағы бір мәселе – әуежай айналасындағы жерлердің ретсіз пайдаланылуы. Қазірдің өзінде 1200-ден астам учаске заңсыз сатылып, қолды болған. Олардың 900-ден астамына ғимарат тұрғызылған. Ұшу, қону кезінде қауіпсіздікке кедергі келтіретін 100 мыңнан астам түрлі нысан салыныпты. Бір қызығы, бұлардың бәрі әуежай комиссиясының келісімінсіз бой көтерген. Мұндай олқылықтар әсіресе, Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтөбе қалаcында байқалып отыр. Жиында Үкімет басшысы осы мәселеге баса назар аударды.
– Әуежайлардың айналасындағы жерлер тұрғын-үй құрылысына немесе бизнес нысандарына беріліп, ретсіз пайдалануда. Яғни, халықаралық стандарттар сақталмайды. Бұл ұшу қауіпсіздігіне әсер етіп отыр. Біз Үкіметте авиакеросин көлемін ұлғайту мәселесін бірнеше рет талқыладық, – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының ақпарынша, азаматтық авиация саласында күрмеуі шешілмеген мәселе аз емес. Қатарында тозығы жеткен техника, жанармай бекеттерінің талапқа сай еместігі де бар. Кейбір әуежайларда ұшу-қону жолақтары әбден ескірген, жөндеу көрмегеніне 20 жылдан асып кетіпті. Бұл қатарда бас қаладағы әуежай да бар. Оның қайта жаңғырту жұмыстарына 20,3 млрд теңге қажет екен.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы