Алматыда 10 маусым күні заңсыз ұйымдастырылған митинг кезінде зардап шеккен полицейге ота жасалды. Жол патрульдік полиция қызметінің инспекторын белгісіз азамат қасақана көлігімен қағып кеткен еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Біз шетке қашып үлгердік. Менің оң аяғымды қағып өткен көлік тоқтамаған күйі белгісіз жаққа құйғыта жөнелді», – дейді жол-патруль полициясының қызметкері Нұрбол Бекназаров оқиғаның қалай болғанын еске алып.
Осылайша 10 маусым түнінде қаладағы заңсыз митингке шыққандарды ұстамақ болған тәртіп сақшысының өзі көп ұзамай Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасынан бір-ақ шыққан. Аяғы сынған Нұрбол Бекназаров бүгінде травмотология бөлімінде жатыр.
«Науқас біздің ауруханаға жедел түрде жеткізілді. Бекназаровтың аяғы сынған. Сондықтан бірден ота жасалды. Қазір ол балдақпен жүреді. Толықтай айығып кетуіне шамамен әлі үш жарым ай уақыт керек», – дейді Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Рамазан ӘСКЕРОВ.
Нұрбол Бекназаровтың тәртіп сақшысы болып істеп жүргеніне 9 жылдың жүзі болыпты. Ол осы уақыт аралығында басынан түрлі жағдайды өткергенін айтады. Үш баланың әкесі қызметіне адал. Сондықтан осылай болды екен деп мойымай, аяғы жазылған соң жұмысын қайта жалғастыра бермек.
«Ота жасалды. Дәрігерлердің айтуынша сәтті өткен сияқты. Жағдайым бір қалыпты. Ел тыныштығын қорғау – менің Отан алдындағы борышым. Оған еш өкінбеймін. Осы салада қызмет ету – мен үшін абырой», – дейді Алматы қаласы ПД ЖПП қызметтік инспекторы Нұрбол БЕКНАЗАРОВ.
Нұрбол Бекназаров сондай-ақ отбасының кенжесі. Ағасы жеке компанияда жұмыс істесе, әпкесі Шымкент қаласындағы ауруханада дәрігер. Полицейдің анасы да ұлының қызметіне тез оралғанын қалайды екен.
«Өмір болған соң, әртүрлі жағдайлар болады. Қаққан баланыкі дұрыс дей алмаймын, әрине. Бірақ, ең бастысы балам аман-есен жазылып кетсе екен. Баласына тікен кірсе де, ананың жүрегі ауырады ғой, әрине. Сондықтан қазір тек баламның аяғынан тұрып кеткенін ғана тілеймін. Содан соң еліне жасап жүрген қызметін жалғастыра берсін», – дейді Мансура БЕКНАЗАРОВА.
Бүгін қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін Нұрбол Бекназаровқа Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің алғыс хаты табыс етілді. Полицейдің өзі мұндай істі ерлікке санамайтынын айтады. Ол айыққан соң қызметіне қайта оралып, жұмысын баяғыша жалғастыра беруге белді бекем буып отыр.