Тоқаев ел сұраған реформаны жүзеге асыруы тиіс – саясаттанушы

Тоқаев ел сұраған реформаны жүзеге асыруы тиіс – саясаттанушы
Қоғам белсенділері Тоқаевты халық пен билік арасын жақындатуы тиіс деп есептейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сайлау өтті. Енді қоғамның барлық саласына халықтың көкейіндегідей реформа қажет. Саяси ғылымдар докторы Есенжол Алияровтың пікірі осындай деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал, Рахман Алшанов Қасым-Жомарт Тоқаев уәде еткендей, халыққа барынша жақын болып, түйткілді мәселелерді шешеді деген сенімде. Сондай-ақ, қоғам қайраткерлері халық сайлаған президенттің саяси біліктілігі мен білімі еліміздің өркендеуіне пайдасын тигізеді деп үміт артып отыр.

«Ендігі ең үлкен мәселе – сайлаудан кейін қандай жұмыстар атқарылуы керек, міне сонда. Біріншіден, ел сұраған саяси реформа қажет. Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қоғам мен билік арасында диалог орнап, ол елдің мұң-мұқтажын шешуге қызмет етуі тиіс. Сондай-ақ, азаматтық институттармен тығыз байланыса отырып, жаңадан ұлттық концепция жасап шығару керек», – деді саяси ғылымдар докторы, профессор Есенжол Алияров.

Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов болса сайси науқан аяқталған соң бүкіл ел боп, жұмыла іске кірісуге шақырып отыр.

«Сайлаудан кейін біз барлық жағдайды ескере отырып, қорытынды жасауымыз керек. Дауыс бергендер де, дауыс бермегендер де, барлығы – осы елдің азаматтары. Сондықтан олардың барлығының мұң-мұқтажы ескерілгені орынды. Себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің бәріне құлақ асу керектігін ескертті. Сайлау өтті, енді бәріміз жұмыла іске кірісейік! Алдымызда үлкен белестер тұр», – деді Рахман АЛШАНОВ.

Ал, қоғам қайраткері Ақмарал Арыстанбекова болса Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәжірибелі саясаткер екенін, соның арқасында елді кез келген тығырықтан алып шыға алатынына сенеді.

«Жоғары кәсіби біліктілік пен энциклопедиялық білім. Жауапкершілік және парасаттылық. Жаһандану жағдайындағы өзгерістер кезінде әлемнің қай бағытқа қарай дамитынын көре білу сынды қасиеттері Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәжірибесі мол саясаткер екенін дәлелдейді. Оның мұндай деңгейге жетуіне Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің басшысы қызметінде болғаны әсер етті деген ойдамын», – деді қоғам қайраткері Ақмарал АРЫСТАНБЕКОВА.

Новости партнеров