Кезектен тыс президент сайлауы кезінде Алматыда 8 заңбұзушылық тіркеліп, тиісті хаттамалар толтырылған. Дегенмен, ол саяси додада әділ баға шығаруға еш кері әсерін тигізбепті. Себебі, заңсыз әрекеттердің жолы дер кезінде кесілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сайлау науқаны кезінде арнайы құрылған «Аманат» азаматтық платформасының қалалық филиал басшысы Қазыбек Шайх бүгін осындай ресми мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, 9 маусым күні Алматыдағы 483 сайлау учаскесінде арнайы оқытылған 1000-нан астам тәуелсіз бақылаушы жұмыс істеген. Қосымша 600-дей ерікті резервте тұрған.
«Арнайы оқытылғаннан кейін олар өздерінің бақылаушы міндетін толық атқарғанына сенуге болады. Бірақ тағы бір мәселе, Алматы қаласы бойынша 554 сайлау учаскесі болса, соның 71-і аурухана секілді жабық мекемелер болды. Сол себепті біз оларды бақылай алмадық», – деді «Аманат» азаматтық платформасының Алматы қалалық филиалының басшысы Қазыбек ШАЙХ.
Сондай-ақ, жиында алматылық сайлаушылардың белсенділігі жайында сөз қозғалды. Бақылаушылардың айтуынша, бұл жолы көрсеткіш жақсы болған. Саяси додада азаматтық позициясын танытуға кәмелет жасқа толғандардан бастап, еңкейген қарияларға дейін келгені қуантты дейді мониторинг жүргізген мамандар.
«Таңғы 07.00-ден бастап баяғы Совет үкіметтің тәрбиесін көрген аға буын өкілдері келді. Қазір олардың көбі қауқарсыз қариялар ғой. Соған қарамастан сайлау учаскелеріне келіп, өздерінің азаматтық борыштарын, мемлекетімізге деген сүйіспеншіліктерін көрсеткен қарияларға ризамыз. Осының барлығын ескере келгенде, 52 пайыз белсенділік таныту деген – Алматы қаласы үшін өте жақсы көрсеткіш», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Айгүл ШӨПШЕКБАЕВА.