Еліміздегі ең жас инженер Алматыдағы зауытта жұмыс істейді. Жақында ғана Президентпен жүздескен қыз Астанада өткен Жастар форумына шақырту алғанын өміріндегі тарихи оқиға деп біледі, деп жазады Almaty.tv.
23 жастағы Гаухар Назаркенова Алматыдағы көпір құрылымдарын дайындайтын зауытта жұмыс істейді. Елбасымен кездесу – көптің арманы деген жас маман бұл бақыттың басына бұйырғанына шүкіршілік етеді. Ол Мемлекет басшысымен кездесетінін естігенде біраз абдырып қалғанын жасырмады. Тіпті, өзіне-өзі сенбегенін де айтады. Ал Президенттің айтқан бір ауыз ақылы жас инженерге айрықша шабыт сыйлапты.
«Бала кезімнен бастап Елбасыны алыстан болса да бір көру арманым еді. Дегенмен, осы жолы ол кісіні жақыннан көре алдым. Біз бір-бірімізге қарама-қарсы отырдық. Жүрегіме жылы тигені, ол кісі шара соңында бізге бата берді. Президентпен кездескен соң жауапкершілік арта түсті десем де болады. Енді мемлекеттік бағдарламамен үй алып, елге қызмет етуім керек», – дейді «Алматы көпір құрылымдары зауытының» инженері Гаухар НАЗАРКЕНОВА.
Ең жас инженердің айтуынша, оқуды бітірген соң, біраз уақыт жұмыс таппай сенделіпті. Дегенмен, жарнама арқылы тауып келген кәсіпорыны жас қызға сенім артып, тәжірибесіз екеніне қарамастан жұмысқа алған. Қазір қаршадай қыз көпірге қажетті заттарды шығаратын зауытта өнімдерді өзге өңірлерге тасымалдаумен айналысады. 2 жылдан бері басшылық «қайта арқамнан қақпаса, тәйт демеді» деп отыр.
«Жұмысым ауыр болғанына қарамастан, мамандығым өзіме ұнайды. Дайын тауарларды вагонға тиеуден бастап, тиісті жерге жеткенге дейінгі процесті бақылаймын. Жеткізу жолдарын сызамын. Ауыр тастардың үстіне шығып тексеретін кездер де болады. Айтарым, басшылық қашанда жастарды қолдайды. Ары қарай дамып, кәсіби тұрғыдан өсуге жағдай жасап келеді», – дейді Гаухар НАЗАРКЕНОВА.
Қаладағы «Алматы көпір құрылымдары зауытының» 55 жылдық тарихы бар. Кәсіпорынның тауары Үлкен Алматы каналы, «Медеу» спорт кешені, Алматы вокзалдарының, көпірлер мен жол айрықтардың құрылысында қолданылған. Қазір зауыттың 500-ден аса жұмыскері Елбасы ұсынған халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік автожолының салынуына атсалысуда.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы