3 жылда анасының азаматтығы жоқ 1500-ға жуық нәресте тіркеуге алынған
Елімізде соңғы 3 жылда анасының азаматтығы жоқ 1500-ға жуық нәресте тіркеуге алынған. Ел аумағында іске қосылған «I belong» жаһандық акция аясында шеттен келген 9000 азаматтың құжаты жоқ болып шыққан. Бұл туралы БҰҰ босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың айтуынша, қазіргі күні Қазақстанда ата-аналарының құқықтық мәртебесіне қарамастан сәбилерді тіркеу тәртібі өзгертілген. Тиісінше, жеке басын куәландыратын құжаты жоқтығына қарамастан ел аумағында туылған нәрестелерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп келеді.
«Елімізде 2020 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулер азаматтықты анықтау жөніндегі ұлттық рәсімдерді енгізді. Бұл өзгертулер ел аумағында азаматтық мәселесін реттеу мен анықтауға өз септігін тигізуде. Жоғарыда айтып кеткен, науқанның негізгі мақсаты – осы», – деді БҰҰ БЖКБ бағдарламалық мәселелер жөніндегі кеңесші Ирина Билялова.