Алматыдағы "SOS балалар ауылында" 100-ге жуық жеткіншек тәрбиеленуде

25.09.2020 22:36

Алматыда жаңа оқу жылына дейін шаһардағы соңғы балалар үйі жабылған болатын

kaznu.kz

Ел боламын десең, бесігіңді түзе! Алматыда жаңа оқу жылына дейін шаһардағы соңғы балалар үйі жабылған болатын. Мақсат – ата-ананың қамқорынсыз қалған жеткіншектерді қанат астына алып, мегаполисте жетімсіз орта құру. Осылайша бұрын интернаттарда тәрбие алғандар қаладағы халықаралық «SOS балалар ауылына» көшірілді. Қазір бір отбасындай ұйыған бұл жасөспірімдер қалай өмір сүруде? Біздің арна тілшілері біліп қайтқан болатын. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.

Тағдыр тауқыметіне ұшыраған жеткіншектерді ел қатарлы азамат етіп тәрбиелеу ісі, бүгінде жаңа көзқарас, заманауи үлгі бойынша жүзеге асырылып келеді. 2006 жылы басталған бұл үрдіс, бүгінде мәресіне жетті десек, артық емес. Ол кезде қалада 3 сәбилер және бірнеше жетімдер үйі болса, қазір ондай бірде-бір мекеме қалған жоқ.  Биыл тамыз айында соңғы балалар үйі жабылып, онда тәрбиеле алған 27 жеткіншек «SOS балалар ауылына» қоныс аударды.

«2006 жылы «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасы бастағанда, еліміздегі балалар мекемелерінде 19 мың 800 тәрбиеленуші болған. Ал, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш шамамен 4 мың баланы құрап отыр. Яғни, 15 жыл ішінде балалар үйіндегі жеткіншектер саны 5 есеге азайып, жақсы нәтижиеге қол жеткіздік», – деді балалар омбудсмені, «Дом» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин.

13 жасар Алёна бұл отбасына наурыз айында келген. Қазір балалар ауылында жаңа ата-анасы және тағдырлас бауырларымен тұрып жатыр. Жанұяда барлығы 7 бала. Өздерінің жеке бөлмелері бар. 8-сыныпта оқитын қаршадай қыз үйінің үлкені екен. Өмір тәлкегіне түскенімен, жанына жақын жандарды кезіктіргенін бақыт деп санайды.

«Уақыт өте келе олар менің отбасым екенін түсіндім. Бір-бірімізге қатты үйренісіп, бауыр басып қалдық. Ұзақ уақыт осы кісілердің қасында болып, мен шын өмірде жанұяның не екенін ұққандаймын. Олар менің жақындарыма айналды», – деді қалалық «SOS балалар ауылы» мекемесінің тәрбиеленушісі Алёна.

Осылай жанұялы болған балалар қазір бір-біріне «аға-әпке» деп, айрандай ұйып отыр. Мұнда қатып қалған заң жоқ, балалар еркіндігіне шектеу қойылмайды. Бірақ отбасылық татулыққа  ерекше көңіл бөлінеді.

Бұл отбасының дәстүрі бойынша кешкі асты барлығы бірге дайындайды. Мұғалім үйге берген тапсырманы орындаған соң, балалары аналарына ас әзірлеуге көмектеседі. Үлкендері көкөністерді турай бастаса, кішілері үйдің тазалығына кірісіп кетеді. Осылай ата-аналары оларды тәртіпке үйретіп, жанұялық жылулықты сезіндіруде.

Елімізде 1997 жылы Сара Алпысқызының бастауымен ашылған бұл мекеменің ата-анасыз балаларға пана болып келе жатқанына 25 жылдың жүзі болған. Мұндағы жеткіншектерді бауырына басып, аналық махаббатын сыйлап жүрген Жанар Ілияс алғашқыда психолог қызметін атқарған. Көпбалалы болсам деген арманын тек биыл жүзеге асырыпты.  

«Күнде таңертең тұрамыз, үйімізді жинаймыз. Бәріміз у-шу болып жүріп, тамағымызды, ертеңгі асымызды ішеміз. Біреуі тұрып «мама мен бүгін каша жасаймын» дейді, «ертең мен басқасын жасаймын» деп айтып жатады. Енді балаға қой деп айтпайсың. Олар деген өмірді үйренуі керек», – деді қалалық «SOS балалар ауылы» мекемесіндегі тәрбиеленушілердің анасы Жанар Ілияс.

Қазір бұл мекемеде 100-ге жуық бала бар. Оларды биологиялық ата-аналары және өзге жұптар «балалар мен отбасын қолдау» орталығы арқылы асырап алуына болады. Бүгінде «SOS балалар ауылы» Нұр-Сұлтан және Теміртау қалаларында да ашылып, барлығы 192 жеткіншек тәрбиеленуде.

Аяулым Көлжігіт, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы