«Арыстан патша» мультфильмі қазақ тілінде жарық көрді

18.07.2019 22:36

«Болашақ» корпоративтік қоры келесі жылы тағы 7 фильмді қазақша сөйлетпек

Бүгіннен бастап елімізде «Арыстан патша» мультфильмі қалың көрерменге жол тартты. Әйгілі Диснейдің 1994 жылы шыққан туындысы арада 25 жыл өткенде фильм ретінде таныстырылды. Кейіпкерлері қазақша сөйлеп, әнді де ана тілімізде шырқайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Махаббат пен достық, адалдық пен зұлымдық араласқан заманауи графикадағы фильмді қазақстандықтарға «Болашақ» корпоративтік қоры, Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы бірлесе ұсынып отыр.

Жарық көргелі бері «Оскар», «Алтын глобус» сынды жүлделерге ие болған «Арыстан патша» мультфильмі бүгінде әлем жұртына көркем фильм ретінде қайта оралды. Ең бастысы, ол қазақ тіліне аударылды. Жаһан жұртшылығы сүйіп көретін әйгілі туындыны алдымен Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары тамашалады.

«Мен «Арыстан патша» деген мультфилмді қатты ұнатып қалдым. Әсіресе, Тимон және Пумба, Симба секілді кейіпкерлерге бауыр басып қалдым», – дейді кішкентай көрермен Бекнұр ЫБЫРАЙ.

«Мен фильмнен 1994 жылы шыққан мультфилімнен алған алғашқы әсерді күтем. Әрине, фильм жануарларды тірі сияқты көрсетеді. Ең ғажабы да сол. Барлығы жанды», – дейді Сұлтан МАХМЕТОВ.

Саванна, яғни тропикті орманда өмір сүретін Симба атты кішкентай арыстанның аң патшасына дейінгі арпалысын баяндайтын фильм 1994 жылы жарық көрген. Арада 25 жыл өткенде шыққан туынды сол баяғы мультфильмнің сюжетін қайталайды. Демек, онда достық пен дұшпандық, адалдық пен зұлымдық та бар.

«Бұл – барлымызға таныс туынды. Ерекшеліктері,  жаңадан қосқан дүниелері де бар әрине. Ең бастысы, бұл кейіпкерлер ойларын таза қазақша жеткізеді, ән де айтады. Көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын. Әсіресе, күлкілі сәттері. Оны келген көрермен көре жатар», – дейді «Арыстан патша» фильмінің режиссері Шах-Мұрат ОРДАБАЕВ.

Заманауи графикаға салынған фильмді қазақстандықтарға «Болашақ» корпоративтік қоры, Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы бірлесе ұсынып отыр. 30-дан астам түрлі жанрдағы туындыларды қазақша сөйлеткен қор төрайымы Динара Шәйжүнісова әлі де шешілмеген, көрерменге ыңғайсыз жайттар көп дейді.  

«Қорымызға бүгінде көрермендер тарапынан түрлі наразылықтар келіп түсуде. Қазақша фильмдер неге ыңғайлы уақытқа қойылмайды, субтитр мемлекеттік тілге неге дұрыс аударылмаған дейді олар. Әрине, бұл мәселелер бізді де алаңдатады. Мәдениет және спорт министрлігіне кино туралы заң жобасын талқылауды ұсындық. Сонда осы жайттарды қаперге алса екен дейміз», – дейді «Болашақ» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара ШӘЙЖҮНІСОВА.

Қазақ тілді аудиторияға әлемдік туындыларды таныстыруды көздейтін қор келесі жылы тағы 7 фильмді қазақша сөйлетпек. Сол үшін еліміздегі бизнес өкілдерімен бірге «Өзіңнен баста» атты жоба да қолға алынды. Кәсіпкерлер соның аясында айналымға шығатын фильмдерді қазақшалауға қаражат бөледі.