Биыл Алматыда AMANAT партиясы ерекше жандарға 170-тен астам іс-шара өткізді

20.07.2022 22:37

Игі іс «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асып жатыр

Almaty.tv

Биыл Алматыда AMANAT партиясы ерекше жандарға 170-тен астам іс-шара өткізіп, 4 мыңға жуық адамды қамтыған деп хабарлайды Almaty.tv.

Игі іс «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Бүгін саяси ұйым өкілдері жүрек талмасымен ауыратын 1-топтағы науқастың үйіне барып, хал-жағдайымен танысты. Сондай-ақ, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ұйымдастырушылар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелері қаралып, олардың жайлы өмір сүрулері үшін ұсыныс-пікірлері әркез назарға алынуы тиіс деп санайды.

«Айдың басында Татьяна Александрқызы көмек сұраған еді. Біз ол кісінің жағдайына бей-жай қарай алмай, мәселесін тыңдап, керекті шараны қолдандық. Қазір мәселесі оң шешілді», – деді AMANAT партиясы қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Дәурен Ботбай.

Сондай-ақ AMANAT партиясының қоғамдық қабылдауына осы жылы ерекше қажеттілігі бар жандардан 650-ден астам өтініш түсіп, соның 50 пайызы шешімін тапқан. Саяси ұйым мүшелері қайырымдылық шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтады.

«Балам 1-топтағы мүгедек. Осындай қайырымды жандар үнемі көмек көрсетеді. Игі іске бастамашы болып жүрген жандарға алғысым шексіз», – деді қала тұрғыны Татьяна Иванова.