Серікқали Брекешев Қазақстанда ақбөкен популяциясының қашан реттелетінін айтты

20.07.2022 23:00

Киік саны 2003 жылғы 21 мың болса, биыл 1 млн 318 мыңға жетті

inbusiness.kz

Мемлекет басшысынан сөгіс алған Серікқали Брекешев Қазақстанда ақбөкен популяциясының қашан реттелетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі ай бойы қоғам талқысынан түспеген киік ату мәселесіне Президент нүкте қойды. 80 мың ақбөкенді жоюдың басқа да жолдарын қарастыруды сала министріне тапсырған еді. Серікқали Брекешевтің айтуынша, ақбөкен популяциясын реттеу қазір шешіле қоймайды. Ғылыми зерттеулер жүргізіп, олардың мекендеу ортасын, азық-түлікпен қамтамасыз етуді қарастыру керек. Мәселені министрлік тағы қайта пысықтапты.

«Киік – қазақ үшін киелі жануар. Ұлттық брендіміз деуге болады. Оны сауатты басқару –  біздің алдымыздағы міндет. Барлық пікірлерді ескеріп, міндетті түрлі ғылыми орталықтармен ақылдасып жүйелі түрде шешу қажет. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес, менің төрағалығыммен ғылыми институттар, мүдделі мемлекеттік органдармен киік популяциясын зерттеудің жаңа тәсілдерін басқару ісіне қатысты кеңес өткізілді», – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Киік ату шешіміне Сәкен Ділдахмет те қарсы. Экобелсендінің айтуынша, ақбөкенмен қазақтың брендін қалыптастыру керек, киік шаруаларға күйік болып тұр деп дабыл қағу қате. Керісінше оларды көбейтудің тың тәсілін қарастырумыз қажет дейді.  

«Егіндікке, жайылымдық жерге кіріп жатыр» деп шаруалар мәселе көтерді. Мәселе онда емес. Біріншіден, киіктердің мекен ететін басты ортасы, миграциялық жолдары, төлдейтін жерлері жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан белгіленіп қойды. Десе де жергілікті органдар киіктер мекені, көшіп-қону орны деген маңызды дүниелерді ескермей, жерді тарата берді», – деді экобелсенді Сәкен Ділдахмет.

Қазір киіктің әлемдік популяциясының 95 пайызы біздің елімізде. Киік саны 2003 жылғы 21 мың болса, биыл 1 млн 318 мыңға жетті. Популяцияны жоғалтып алмау үшін Президент айтқандай 80 мың киікті жоюдың басқа амалдары қарастырылады. Бұған ғылыми ұйымдар мен мүдделі мемлекеттік органдар, салалық қауымдастық өкілдері де қатыспақ.

Президент ақбөкендердің 10 пайызын ату туралы ұсынысты құптамайтынын айтты. Қазір қоғамда да киіктердің келешегіне қатысты алаңдаушылық туындап отыр. Енді министрлік жағдайды жан-жақты саралап, ұтымды әрі ортақ шешім қабылдауы қажет.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы