Елордада баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер - 2020» сыйлығының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жүзден жүйрік шыққан тілшілер салтанатты жиында 11 номинация бойынша марапатталды. Атап айтар болсақ, «Жылдың үздік фотосуреті», «Жылдың үздік репортажы», «Жылдың үздік аналитикалық материалы», «Жылдың үздік журналистік зерттеуі», «Жылдың үздік сұхбаты», «Жылдың үздік танымдық материалы», «Радиостанциядағы үздік жоба», «Жылдың үздік жаңалықтар порталы», «Жылдың үздік газеті», «Жылдың үздік журналы» аталымдары бойынша бір миллион теңге ақшалай сый табысталды. Ал, Шерхан Мұртаза атындағы арнайы жүлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист Қайнар Олжайға берілді. Айта кетейік, «Үркер» ұлттық сыйлығы 2017 жылдан бастап, биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Ұлттық сыйлықты ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
«Шераға,газет шығарудың 3 рет эталонын жасады. Бірінші рет «Лениншіл жаста» жасады, қазіргі «Жас Алаш», жаңа айтты ғой, кімдерді шығарғанын. Екінші рет сондай эталонды «Қазақ әдебиеті» газетінде жасады. Үшінші рет газет шығарудың үлгісін «Социалистік Қазақстанда», «Егемен Қазақстанда» іспен көрсетті. Сол кезде шәкірті болғаныма, Шерағаңның суырып шыққан ақ қылышы болғаныма, маған қаламын сыйлап «қаһарман Қайнар бауырыма» деген, 30 жыл бойы Шерағаңның «қаһарман Қайнары» болып келе жатқаныма ризамын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай.