Ясауи кесенесі маңынан адам сүйектері табылды: мамандар мәлімдеме жасады

Ясауи кесенесі маңынан адам сүйектері табылды: мамандар мәлімдеме жасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Профессор, тарихшы Хазіретәлі Тұрсын Түркістан облысындағы Қ.А.Ясауи кесенесінің төңірегінен адам сүйектерінің шығу себебін түсіндірді, деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.    

Түркістандағы ескі қалашықтың орны 2500 жылдық мәдени қатпардан тұрады. Осы уақыт ішінде түрлі оқиғалар болғаны ақиқат. Киелі көне шаһардағы шайқастарда қаза тапқандарды жерлеу рәсімі де әрқилы болған.

Ғалымның айтуынша, қазақтың игі жақсыларын киелі орындарда жерлеу Қазақ хандығынан 500-600 жыл бұрын басталған.

«Біріншіден, қазба және құрылыс жұмыстары кезінде табылып жатқан қабірлер белгілі бір игі жақсылар мен тарихи тұлғалардікі болуы мүмкін. Ондай жағдайда мәйіт арулап көмілген. Екінші жағдайда кесененің төңірегінде Рабат, Шахристан секілді үлкен қорғандар болған. Мәселен, Әмір Темірдің кезінде де шайқастар болды. Тарихшылар ең соңғысы Түркістан қаласының полковник Веревкиннің отрядынан қорғану кезеңін келтіруде. Осы шайқаста төңіректе орлар қазылған. Қаншама адам атылған», - дейді Хазіретәлі Тұрсын.

Тарихшы көз жұмған адамдар жерленбей қалғандықтан бүгінде сүйектері табылып жатыр деген болжам жасалып отырғанын айтады.

«Ал үшінші дерек бойынша 18-19 ғасырдағы және 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта кесене төңірегінде өлген адамдар сыртқа шығарылып, арнайы қорымға көмілген», - деп түсіндірді профессор.

Баспасөз мәслихатына қатысқан ҚМДБ қызметкерлері табылған мәйіттердің қайта жерленетінін айтты.

«Шариғат бойынша қабірстанның ішіне қойылған ең соңғы адамның бейітіне 40 жыл өткеннен кейін мазаратты сүріп тастап, орнына құрылыс жұмыстарын жүргізуге болады. Ал құрылыс алаңдарында жүргізілетін қазба жұмыстары кезінде адам сүйектері табылып жатса, ол сүйектер ақ матаға оралып, басқа жерге көміледі», - дейді Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Айдарбекұлы.


Новости партнеров