Қолайсыз ауа райы: мемлекеттік органдар көлік мәселесіне қатысты қимылды күшейтпек

03.01.2024 22:38

Үкіметте рейстердің кешігуін азайту мәселелері талқыланды

Үкіметтің баспасөз қызметі / пресс-служба премьер-министра РК

Мемлекеттік органдар көлік мәселелері бойынша өзара іс-қимылды күшейтеді. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиын барысында қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мен қолайсыз ауа райында рейстердің кешігуін азайту мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, 28 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында кей өңірлерде ауа райының кесірінен жол қозғалысы қиындап, 13 облыста 100-ден аса қысқа мерзімді жол қозғалысына шектеу қойылған. Үкімет басшысы шектеулер кезінде көлік құралдарының қозғалысына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді және қажет болған жағдайда арнайы техниканы күрделі жол учаскелеріне жедел жіберуді тапсырды.

– Автожолдар мен елдімекендердің көшелерін тәулік бойы қардан тазартуды қамтамасыз ету қажет. Жолаушыларды жылыту пунктеріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының резервтік санын ұлғайту қажет. Көлік министрлігі мен «ҚазАвтоЖол» компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуы тиіс, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ 29-31 желтоқсан аралығында Астанада ауа райы күрт бұзылып, қалың қар мен боран салдарынан 100-ден астам рейс кешіктірілген. Қажетті шараларды қабылдау үшін әуежай, авиакомпания және метеорологиялық қызмет өкілдерінің қатысуымен жедел штаб жұмыс істеді. Бұл ретте әуекомпаниялар кешіктірілген және тоқтатылған рейстерге билет құнын 100% қайтарады. Үкімет басшысының пәрменімен алдағы уақытта рейстердің ұзақ мерзімді кешігу қаупін азайту үшін әуекомпаниялар мен әуежайлар арасындағы жұмысты үйлестіру күшейтілмек.

Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік жол апаты: Ақмола облысында 15 көлік соқтығысқан