Дін мен дәстүр бақытты шаңырақ құруға кедергі емес – Руслан Баязитов

17.03.2023 22:39

Елдің көпұлтты аймағы саналатын СҚО-да жұртқа үлгі жанұя тұрады

Almaty.tv

Елдің көпұлтты аймағы саналатын СҚО-да жұртқа үлгі жанұя тұрады. Түрлі халықтың дәстүрін құрметтеп, мерекесін тойлаған отбасы алдағы Наурыз мейрамын да ерекше атап өтпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ынтымағы жарасқан Баязитовтер жанұясы 10 жылдан аса бірлік пен келісімде өмір сүріп келеді. Бүгінде айналасына сыйы артқан әулеттің отағасы Руслан татар ұлтынан, ал жұбайы Елена - орыс. Отбасы «дін мен дәстүр бақытты шаңырақ құруға кедергі емес» дейді.

«Әжемнің қолында өстім. Русланды әжеме таныстырған бірден ұнатты. Оның жанұясы да мені жылы қабылдады. Мен бақыттымын», – деді қала тұрғыны Елена Баязитова.

Ерлі-зайыптылар некесін мешітте қиып, той өткізген. Қазір олардың 2 баласы бар. Руслан мен Еленаның айтуынша, отбасындағы барлық рәсім мұсылмандық әдет-ғұрып бойынша жасалады.

«Балалар дүниеге келгенде имамды шақырып, дұға оқылды. Оларға  мұсылманша есім беріліп, дәстүр бойынша қырық күн де тойланды. Сәбиім алғашқы қадамын жасағанда, тұсау кесіп, ақсақалдан бата алдық», – деді қала тұрғыны Руслан Баязитов.

Русланның айтуынша, балалар 2 ұлттың да салт-дәстүрін ұстанады, татар тілін үйреніп жатыр. Өнерге бейім Айлин мен Джамиль ҚХА ұйымдастыратын түрлі байқаудан шет қалмайды.

Отбасы Наурыз мейрамы, Құрбан Айт, Пасха секілді мерекенің бәрін атап өтеді. Ынтымағы жарасқан шаңырақта қазақтың салт-дәстүрі айрықша мәнге ие.

«Наурызды жыл сайын атап өтеміз, балалармен алаңға шығып, киіз үй аралаймыз. Қазақтың салт-дәстүрін ұстанамыз. Ал бұл күні үйде бауырсақ, Наурыз көже дайындаймыз», – деді қала тұрғыны Руслан Баязитов.

СҚО-да 100-ден астам ұлт өкілі тұрады. Былтыр өңірде 3500-ге жуық жұп отау құрған. Оның ішінде 210 ұлтаралық неке тіркелген.

Нұргүл Алина, Дамир Ескендіров, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан