|
01.06.2020 | 17:39
6486

Шомылу маусымы: Алматыда рұқсат етілмеген аймаққа шомылатындар саны азаймай тұр

Алатау ауданына қарасты төтенше жағдай қызметкерлері мектеп мұғалімдері және тәртіп сақшыларымен бірлесіп рейд жүргізді

Шомылу маусымы: Алматыда рұқсат етілмеген аймаққа шомылатындар саны азаймай тұр Almaty.tv

Суға түсу маусымы бүгін ғана ашылса да, рұқсат етілмеген аймаққа шомылатындар саны азаймай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сәйкесінше, республикалық жедел құтару қызметкерлері жұмыстарын бір ай бұрын бастап кеткен. Алатау ауданына қарасты төтенше жағдай қызметкерлері мектеп мұғалімдері және тәртіп сақшыларымен бірлесіп рейд жүргізді. Мақсат – жазатайым оқиғалардың алдын-алу.

Бұл мектеп оқушыларының шомылу маусымы ашылмай тұрып, түсірілген видеосы. Қарасу елдімекеніндегі тоғанға суға түсуге мүлде болмайтыны жөнінде арнайы белгі қойылса да, оны ескеретіндер аз. Оның үстіне тазалық мүлде сақталмаған.

«Көктем кезінде суға түсетіндер көбейіп кетеді. Осы шағын ауданда тұратын балаларға қанша ескерту жасалып жатыр. Қанша айтсақ та, тыңдамайды. Су өте лас. Айналасында үйлердің дәретханасы бар. Ондағы қажетсіз заттардың осы суға келіп құйылып жатпағанына кім кепіл?» – деді Алатау ауданының тұрғыны Виктор СЕРИДЕНКО.

Бүгінде Алатау ауданына қарасты 3 су жиналған орын бар. Олар: Қарасу, Томирис және Өжет шағын ауданы. Оның бәріне де шомылуға тиым салынған.  Ауданға қарасты Төтенше жағдай қызметкерлері мектеп мұғалімдері және тәртіп сақшыларымен бірлесіп осы су тоғандарына рейд жұмыстарын жүргізді. Оқушылар мен ата-аналарға қауіпсіздік ережелері айтылып, жаднама таратты.  

Рұқсат етілмеген аймақтарға суға түскендерге алдымен ескерту жасалады.  Мамандар айтқан кеңеске құлақ түрмегендер айыппұл арқалайды. Оның көлемі 40 мың теңге шамасында.  

«Жаздың күні қазір жылу маусымы болғандықтан, жас балалар үлкендердің қарауынсыз шомылып жатады. Сондай жағдайда оларға бірінші кезекте алдын-ала ескертеміз, одан кейін мектеп ұжымының қызметкерлерімен бірге ата-аналарына ескерту жасалады. Анықталған жағдайда жергілікті тәртіп сақшыларымен әкімшілік-құқық бұзушылық кодексі бойынша тиісті шаралар қолданылатын болады. Бүгінгі күнде ондай жағдайлар тіркелген жоқ. Бірақ, ескерту шаралары жасалды», – деді  Алатау ауданының Төтенше жағдай бөлімінің бас маманы Марат ИСАЛИЕВ.

Тексеру құрамындағы мамандардың айтуынша, рұқсат етілмеген су тоғандарына сенбі және женсенбі күндері келетіндер көп екен. Айтқандай-ақ, рейд барысында бірнеше негізгі талаптарды сақтамағандар анықталды. Бірі немеремді қыдыртып жүрмін десе, енді бірі заңсыз жерде рұқсатсыз демалыс ұйымдастырғандар.

Күндіз ауа температурасы +30 болғанмен, түн салқын. Түнде тоңазыған су тоғандар күндіз жылып үлгермейді. Салқын суға түскен адамның жүрегі тоқтап, бірден өліп кетуі мүмкін. Сондықтан суға түсу маусымы ашылса да, барынша қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн.

Ұлағат Арғын, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир