Бұл туралы Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев ойлайн брифингте айтты
Кәсіпкерлер жалдау төлемін тоқтата тұру үшін өтініш қалдыра алады. Бұл туралы Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев ойлайн брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл әлемді жайлаған пандемияға байланысты 612 шағын және орта бизнес өкілі жалға ақы төлеуден босатылды. Нәтижесінде, бюджетке келетін кіріс 170 миллион теңгеге қысқарған. Ал жыл соңына дейін тағы 500 кәсіпкердің осындай жеңілдік алатын мүмкіндігі бар. Ол үшін басқарманың сайтынан немесе телеграм каналдағы @gosaktivy_bot атты чаттан толық мәлімет ала алады. Онда қажетті құжаттар тізімі мен нұсқаулық көрсетіледі.
«Шағын орта бизнес үшін жалдау ақысын есептеуді 1 қыркүйектен бастап 2020 жылдың соңына дейін тоқтата тұру тапсырылды. Ағымдағы жылдың 4 қыркүйегінен бастап сайттың функционалы қайта іске қосылды, ол шағын орта бизнесті жалға алушыларға ҚР аумағында ТЖ әрекет ету кезеңіндегі сияқты жалдау төлемдерін тоқтата тұруға өтінім беруге және қосымша келісімдер жасасуға мүмкіндік береді. Бүгінгі жағдай бойынша жалдау төлемдерін тоқтата тұруға 238 өтінім берілді, оның 171-і өңделді», – деді қалалық Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев.